Нөсер жаңбыр мен дауыл: Ақтөбе тұрғындарына ескерту жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ақтөбе облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде кей жерлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауыл болуы мүмкін. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі мәлім етті.
Синоптиктердің болжамынша, түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман күтіледі.
— Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында және орталығында 15–20 м/с-қа дейін жетеді, — делінген хабарламада.
Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе қаласында жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ күтіледі.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтап, алыс жолға шығуды мүмкіндігінше шектеңіз. Найзағай кезінде ашық алаңдарда болмауға және қатты жел кезінде ағаштар мен әлсіз конструкциялардың маңында тұрмауға кеңес беріледі.
Айта кетейік, алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі.