Нөсерден қираған Түрген көпірі үш айда қайта салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Түрген өзені шайып кеткен көпірді қалпына келтіру басталды.
Бірнеше апта бұрын толассыз жауған нөсер салдарынан Түрген суы арнасынан тасып, өзен арқылы өтетін көпір шайылып кетті. Бұл нысан 2024 жылы апатты деп танылған.
Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда жауапты мердігер анықталып, көпір қайта қалпына келтіріліп жатыр. Құрылыс үш ай ішінде аяқталады деп жоспарланған.
— Қазіргі таңда мұнда 4 техника жұмыс істеп тұр. 10-нан астам қызметкер еңбек етіп жатыр. Көпір құрылысы бір апта бұрын басталған. Демонтаждау жұмысы толық аяқталып, бұрғылау шарасына дайындық жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Мердігердің айтуынша, қараша айында жұмыс толығымен аяқталады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Түрген — Асы» автожолының екі учаскесін су шайып кеткенін хабарлағанбыз.