«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Қызылорда облысына келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз айының 10-ы күні «Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штаб мүшелерінің сапары Қызылорда облысында жалғасты.

«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Қызылорда облысына келді

Аймаққа арнайы келген үгіт-насихат тобы «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС-нің, «Жан-Арай» агроиндустриалды кешен ұжымымен, облыстағы спортшы қауым өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ, штаб мүшелері сайлаушылардың үйлерін аралап, партияның сайлауалды бағдарламасын насихаттады. Ал, Сыр өңіріндегі сапар бағдарламасы мыңдаған партия жақтастары қатысқан форуммен аяқталды.

Аймаққа делегацияны республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Асқар Мырзахметов бастап келді. Сонымен қатар, штаб құрамында: ҚР Парламенті Мәжілісінің V-шақырылымының депутаттары Бақытжан Смағұл, Саяси кеңес бюросының мүшесі Нұрлан Әбдіров, «Халық Қаhарманы» Бақытжан Ертаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Шахмардан Байманов, олимпиада чемпионы, «Астана Арланс» кәсіпқой клуб директоры Серік Сәпиев және т.б. танымал тұлғалар бар. Бұл туралы партияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Штаб мүшелері «Жан-Арай» агроиндустриалды кешеннің ұжымымен кездесті. Кешеннің негізгі бағыты ол - құрама жем және күріш жармаларын өндіру, күрішті тазарту. Құрама жем зауытын қуаттылығы тәулігіне 80 тонна, ал күріш өңдеу зауытының қуаттылығы - тәулігіне 150 тонна. Республикада өсірілетін күріштің 86% осы аймақта өседі. Сонымен қатар, облыста қуаттылығы жылына 11 мың тоннаға жететін 8 балық өңдеу зауыты бар. 2015 жылы екі кәсіпорын 1,7 мың тонна балық өнімін экспортқа шығарды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 45%-ға артық.

«Нұр Отан» партиясының Республикалық сайлауалды штаб өкілдері өңірдің спортшы қауымымен де кездесті. Алқалы жиын 2013 жылы Елбасы бастамасымен салынған Мұз айдынында өтті. Қызылордалықтар адам еңбегіне көп көңіл бөлінген партияның сайлауалды бағдарламасын құптайтындарын ашық айтты.

Қызылорда облысының үш мыңға жуық тұрғыны «Нұр Отан» партиясы қолдаушылары форумында бас қосты. Халық партия ұсынған дамудың жаңа бағытын бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Республикалық сайлауалды штаб мүшелері өз кезегінде Қызылорда облысының тұрғындарын 20 наурыз күні нақты істердің партиясы «Нұр Отан» партиясына дауыс беруге шақырды.

Айта кетсек, Қызылорда облысында партияның сайлауалды 10 штабы құрылған. Онда 1440 сенімді өкілдерімен, партияның белсенді мүшелері қызмет етуде. «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша 145 азамат барлық деңгейдегі жергілікті мәслихат депутаттығына ұсынылған.