«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдаулары Елбасы жүктеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді - Н.Нығматулин

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдаулары өз тиімділігін дәлелдеген. Тек жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауларына 50 мыңнан астам азамат өтінішпен келген. Бүгінгі күні ол азаматтар мәселесін шешуге мүмкіндік беретін, тегін заңнамалық кеңес алуға болатын, маңызды мемлекеттік бағдарламалар бойынша өзекті мәселелерді түсіндіретін халықпен етене байланыс жасаудың негізгі құралына айналған. Мұнда барлық дейгейдегі депутаттар қабылдау өткізуге міндетті.
Үстіміздегі жылы Парламент Мәжілісінің депутаттары - «Нұр Отан» ХДП фракция мүшелері жүзге жуық қабылдау өткізіп, мыңнан аса адамның өтінішін қараған.
Ал, осы жолы Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің қабылдауына қызылордалықтар түрлі сауалдарымен келді.
«Ақ - Барыс» шаруа қожалығының төрағасы Рсалиев Ерболат Мақсұтұлы, «Сыбаға» мал шаруашылығы бағдарламасы бойынша субсидия алу мүмкіндігіне қолдау көрсетуді сұрай келген. Бүгінгі күні шаруашылықта мал соятын цех, сондай-ақ, 200 бас ірі қара малды жемдеуге арналған орын бар. Шаруашылық мал өнімдерін өндіруді одан әрі дамыту үшін қолданыстағы мал соятын цехқа жалғастырып, 500 ірі қара мал жемдейтін орын әзірлеуді жоспарлап отыр. Болашағы айқын жобаға Нұрлан Нығматулин де қолдау білдірді. Кәсіпкер:
«Елбасымыз ауыл шаруашылығын дамытуға және кәсіпкерлердің жеңілдікпен несие алу мәселесіне жете көңіл бөліп келеді. Шаруашылығымыздың ісін одан әрі дөңгелетіп, тағы да 500 бас мал жемдейтін алаңды қолға алу үшін бізге осы несие ауадай қажет. Біз оған Президентіміздің партиясынан қолдау табамыз деп сеніп едік. Сол үмітім ақталды», - деп өз ризашылығын жеткізді.
Валентина Ленивкинаны да толғандырған мәселе оң шешімін тапты. Ол балалар үйінің тәрбиеленушісі, бір ұлы бар, 10 жылдан бері «Жасөспірімдер үйінде» тұрып келе жатқан оның қазіргі басты арманы - баспаналы болу.
Нұрлан Нығматулин жас ананың жазға қарай пәтерлі болатынына сендірді.
Спикердің атап өткеніндей, жетім-балалардың баспанаға құқын бекіту заң жүзінде қарастырлады.
«Өзім балалар үйінде тәрбиеленгендіктен, ұлымның барлық жағдайын жасау мен үшін өте маңызды. Болашақ заңгер ретінде, жетім-балалардың баспанаға құқығы қандай заңмен реттелетінін білуім қажет», - дейді Валентина Ленивкина.
Ал, Қалдыбек Ахметовті денсаулық жағдайы алаңдатады, емделуі қыруар қаражатты қажет етеді, ондай мүмкіндігі жоқ. Қабылдау барысында Мәжіліс Төрағасы Қалдыбек Ахметовтің туыстарының қолына шетелге барып емделуге квота алуға құқық беретін құжаттарды тапсырды.
Қабылдау соңында Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау жүйесі ең алдымен, Елбасымыз жүктеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалына мыңнан астам адам хабарласқан. Қызылордалықтар үшін еңбекпен қамту, тұрғын үй-коммуналдық сала, жалақының төленбеуі өзекті мәселелер қатарында.
Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында қызылордалық нұротандықтар «Мәселені жедел шешу жұмыс тобы» көшпелі қабылдау, теміржолдағы қабылдау, сондай-ақ, «Қазақтелекомда» қоғамдық қабылдау бөлімін ашу сияқты жаңа қадамдар жасауда.
Нұрлан Нығматулин жұмыс сапары кезінде Жасөспірімдер үйіне және Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды.