Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты.
21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтірген, некеге тұруға мәжбүрлеген және аңдыған Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздік деңгейі жоғары түзеу мекемесінде өтейді.
Үкімді сот төрағасы Саммидин Теміралиев жариялады. Сот 28 жастағы Шерхан Аймаханды ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда:
• 99-баптың 2-бөлігі, 5-тармағы – аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру;
• 115-1-бап – сталкинг, яғни заңсыз аңду;
• 125-1-бап – некеге тұруға мәжбүрлеу.
Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызына қатысты шешім қабылдады.
Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушыдан 15 млн 739 мың 65 теңге материалдық шығынды және 10 млрд теңге моральдық зиянды өтеуді талап еткен. Сондай-ақ өндірілген қаражатты қайырымдылыққа бағыттауды сұраған.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тараптар не сұрады
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханды тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, оған қауіпсіздік деңгейі жоғары түзеу мекемесінде өтеу үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Жәбірленуші тарап та ең жоғары жазаны тағайындауды талап етті. Ал қорғау тарапы кісі өліміне дейінгі бірқатар айыпты даулады.
Соттағы соңғы сөзінде Шерхан Аймахан Нұрайдың ата-анасы мен бауырларынан кешірім сұрап, өкініш білдірді. Алайда ол кісі өлтіру сәтін есіне түсіре алмайтынын айтты. Сотталушы 15,7 млн теңгеден астам материалдық шығынды өтеуге келісті. Ал 10 млрд теңге көлеміндегі моральдық өтемақыны төлеу талабын мойындамады.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай биыл 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Шерхан Аймахан қызды бірнеше күн бойы үйінің маңында аңдып, оған 35 рет пышақ жарақатын салған. Нұрай алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Аймахан екі тәуліктен кейін қала сыртынан ұсталды. Оған некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылды.
Тергеу барысында кісі өліміне дейін Нұрайдың ұзақ уақыт бойы аңдығаны анықталды. Қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын сотталушы Нұрайды Алматыдан Шымкентке мәжбүрлеп некеге тұрғызу мақсатында алып кеткен. Бұл туралы қыздың ағалары біліп, полиция шақырған.
Оқиға орнына келген тергеушілер Аймаханды қызды алып кеткені үшін жауапқа тартпаған. Оның орнына Нұрайға Шерхан Аймаханға ешқандай шағымы жоқ екені туралы бейнетүсініктеме жаздырған.
Жас қыздың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында қыз алып қашуды қатыгез қылмыс деп атап, кінәлілер әділ жазасын алуы керек екенін айтты.
Осы оқиғадан кейін Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бірнеше полиция қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды.
Ішкі істер министрлігі қыздың некеге тұруға мәжбүрлегені туралы арызын тиісті деңгейде тіркемеген полиция қызметкерлерінің салғырттығына қатысты бөлек қылмыстық іс қозғады.
12 маусымда тергеу аяқталып, қылмыстық істің 19 томы Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот үкім шығарғанға дейін алты отырыс өткізді.