Нұрай Серікбайдың өлімі: прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот талқылауы басталды. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов 28 жастағы сотталушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Прокурор сотталушының кінәсі жәбірленуші тарап пен куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары және қылмыстық іс материалдары арқылы толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Мемлекеттік айыптау тарапының мәліметінше, сотталушы Нұрайдың соңынан ұзақ уақыт бойы аңдып, қоқан-лоқы көрсеткен. Соның салдарынан қыз телефон нөмірлерін бірнеше рет ауыстырып, Алматыға кетуге мәжбүр болған.
Прокурор қызды күштеп алып кету дерегіне де тоқталды. Оның айтуынша, Нұрайдың Аймаханға «өз еркімен келгенін» айтқан видеосы қысыммен түсірілген, ал қыз алдын ала дайындалған мәтінді айтуға мәжбүр болған.
Мадияр Әбілқасымов істің «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» ретінде саралануына қатысты түсінік берді. Оның сөзінше, сотталушының әрекетін аффект жағдайымен түсіндіруге тырысқан уәждерін психиатриялық және психологиялық сараптама қорытындылары жоққа шығарған.
— Нұрай Серікбай мойны мен кеуде тұсына салынған көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Мұндай жарақаттар көп қан жоғалтуға және геморрагиялық шокқа әкелген. Аймаханның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ. Соттан Шерхан Аймаханды кінәлі деп танып, барлық қылмыс бойынша тағайындалған жазаларды біріктіріп, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын, — деді мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов.
Прокурор Шерхан Аймаханға тағылған әр айып бойынша мынадай жаза тағайындауды сұрады:
ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы («Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру») бойынша — өмір бойына бас бостандығынан айыру;
ҚР ҚК 125-1-бабының 1-бөлігі («Некеге тұруға мәжбүрлеу») бойынша — 2 жылға бас бостандығынан айыру;
ҚР ҚК 115-1-бабының 1-бөлігі («Сталкинг») бойынша — 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша прокурор түпкілікті жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде белгілеп, оны төтенше қауіпсіз мекемеде өтеуді сұрады. Сонымен қатар Жәбірленушілерге өтемақы қорына 30 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем өндіріп, сараптамаларға жұмсалған процестік шығындарды өтеуді ұсынды.
Сот отырысы жалғасып жатыр. Талқылауда жәбірленуші тараптың өкілі, Нұрай Серікбайдың әкесі және сотталушының адвокаттары сөз сөйлеп жатыр.
Бұған дейін сот барысында сарапшылар Аймаханның есі дұрыс екенін растаған. Сондай-ақ сот қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандырып, бейнежазбадағы деректермен сәйкес келмеген тергеуші хаттамаларының бірін жарамсыз деп таныған.
Жәбірленуші тарап 15,7 млн теңге көлемінде азаматтық талап қойып, өндірілген қаражатты қайырымдылық қорына аударуды көздеп отырғанын мәлімдеген.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте үйінің маңында қаза тапқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұған дейін қызды «алып қашу» арқылы некеге тұруға мәжбүрлеуге әрекеттенген Шерхан Аймахан оған 35 рет пышақ салған.
Сотталушыға үш бап бойынша, соның ішінде адам өлтіру және некеге тұруға мәжбүрлеу деректері бойынша айып тағылған.
Айта кетейік, бұған дейін сот сарапшысы-психолог Шерхан Аймаханда қылмыс жасаған сәтте физиологиялық аффект белгілерін анықтамағанын жазған едік.