Нұрдәулет Сүйіндіков Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы болды

Мемлекет басшысының өкімімен Нұрдәулет Сүйіндіков Қазақстан Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Нұрдәулет Сүйіндіков Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы болды
Фото: ашық дереккөз

«Мемлекет басшысының өкімдерімен Нұрдәулет Мықтыбекұлы Сүйіндіков Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды», - делінген құжатта.

Нұрдәулет Сүйіндіков еңбек жолын 2000 жылы Шымкент қаласы прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат жөніндегі маманы қызметінен бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы прокурорының аға көмекшісі, Шымкент қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.

2005-2010 жылдары Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы қадағалау департаменті бөлімнің аға прокуроры, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамент басшысының орынбасары, Бас прокурордың ерекше тапсырмалар бойынша аға көмекшісі – Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің хатшысы лауазымдарында жұмыс істеді.

Астана қаласының «Сарыарқа» ауданының прокуратурасын басқарды, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.

2018 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2022 жылдың маусымынан бастап 2023 жылғы қаңтарға дейін Бас прокуратураның Стратегиялық дамыту департаментінің бастығы қызметін атқарды.

2023 жылғы 16 қаңтардан қазірге дейін Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы болып қызмет етті.

 

Соңғы жаңалықтар