Нұрлан Өнербаев: Халыққа ұмытылмас ән кешін сыйлағым келеді
«Анашым», «Ауылым», «Қарағым-ай», «Ай да, күн де» әндерімен танымал болған әнші тыңдармандарын сағынғандықтан концерттің атын "Сағыныш" деп қойыпты.
«Концерттің атын «Сағыныш» деп атадым. Өйткені, көрермендерім мен тыңдармандарымды шын мəнінде сағынған сияқтымын. Əсіресе, алматылық өнер сүйер қауымның орны ерекше деп білемін. Мені киелі сахнаның қошеметіне бөлеген де,бигіне көтерген де - Алматы тұрғындар. Сондықтан, талғамға сай эстетикалық, мағыналы өнер кешін сыйлағым келеді», - деді Нұрлан Өнербаев.
Сондай-ақ, әнші ұзақ жылдар бойы түрлі мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеп, көрерменнің ыстық ықыласынан қол үзіп қалғанын жасырмады.
«Біраз жыл мемлекеттік қызметте жүріп, көрермендерімнен алшақтап қалдым. Тыңдармандарым да əлеуметтік желілер арқылы сахнадан іздейтіндерін, əндерімді сағынатындарын білдіріп жатыр. Сол себепті, өнер сүйер қауымға ұмытылмас ән кешін сыйлауды ұйғардым. Мен бұл кешке ерекше дайындалып жатырмын. Барлығыңызды арқа-жарқа отырып əн тыңдауға шақырамын», - деп бөлісті әнші.
Айта кетейік, Нұрлан Өнербаевтың шығармашылық кеші 24 қараша күні Алматыдағы Республика сарайында сағат 19.00-де өтеді.