«Нұрлы жер» бағдарламасы: Ақтөбеде апатты екі үй сүріліп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Екі үйді сүру жұмыстарына демеуші тартылды. Ал ондағы тұрғындар өзге үйге қоныстанды.

f
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабында орналасқан бес қабатты екі үй осыдан үш жыл бұрын апатты деп танылды. Қалалық әкімдік бірнеше рет сараптама жасатқанымен, қорытынды өзгермеді. Содан соң адамдардың бәрі көшіріліп, іс сотқа жетті. Үш жыл бойы жабық көпқабатты үй қазір сүріліп жатыр.

- 2023 жылдың мамыр айында Есет батыр тұрғын алабындағы №39, №40 үйлер апатты деп танылды. 2024 жылы осы үйлерде тұратын 48 отбасы өзге көпқабатты үйге көшірілді, ал апатты үйдегі пәтерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сол жылы сот процессі болды. Соттың шешімімен мердігерлер келтірілген залалды қала бюджетіне өтеді. Бос тұрған үй адамдарға қауіп-қатер туғызбас үшін сүріп тастау туралы шешім қабылданды, демеуші іздестірілді. Нәтижесінде «Глобал райс констракшн» компаниясы қолдау көрсетуге келісім берді. Бұл компания жыл соңына дейін екі үйді сүріп тастайды, - деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл.

Оның айтуынша, жер қала әкімдігінің меншігінде болады. Орнына қандай да бір әлеуметтік нысан немесе сквер салынуы мүмкін. Әзірге нақты шешім қабылданбады.

Еске салсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасымен бес қабатты үй салынып, 2019 жылы қолданысқа берілді. 2023 жылы апатты деп танылып, іс сотқа жетті.

Сот үкімімен сотталушылар Ф.Жанпейісов С.Аяпбергеновтің мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Техникалық бақылаушылар Ж.Кенжебаев, Р.Досовтің мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Екі жыл бұрын әкімдік сүру жұмыстары қашан басталатынын дөп басып айта алмады. 

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Есет батыр тұрғын алабындағы № 39 «К», № 40 «К» үйлерін салуға сол кездері бюджеттен 337 млн 465 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды.