Нұрлыхан Шархан: Олимпиадада аянып қалмаймыз

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық дзюдошы Нұрлыхан Шархан 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайды. Өзінің спортшылық мансабында дүбірлі додаға алғаш рет қатысып отырған ол жоғары жетістікке қол созуға ниеттеніп отыр.

Нұрлыхан Шархан: Олимпиадада аянып қалмаймыз
Фото: kaz_judoteam

Кейінгі жылдары елімізде дзюдо спортынан Нұрлыхан Шархан есімді спортшының есімі өкпке жақсы танылып келеді. Көптеген жарыста ел намысын абыроймен қорғаған балуан өзінің қабілет-қарымын тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр. 

Нұрлыхан Шархан 2000 жылы 18 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол – дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

2023 жылы Ханчжоу қаласында Азия ойындарының қола жүлдесін алды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында және Париждегі «Grand Slam» турнирінде үздік үштікте болды. 2022 жылы Азия чемпионатында қола медаль алды. Еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған.

«Дзюдо – әлемдегі танымал спорт түрінің бірі саналады. Мен оның әліппесін үйренген сәттен бастап жеңіске жету жолында тер төгіп келемін. Бар білгенімді осы Париж Олимпиадасында көрсеткім келеді. Сондықтан төрткүл дүние жүзі халқы көз тіккен байрақты бәсекеде аянып қалмаймыз», - деді Нұрлыхан Шархан. 

Оның жеке бапкері Қален Қалиұлы шәкіртінің дайындығы жақсы екенін айтады. Олимпиадаға әзірлік барысына баса назар аударылған. 

«Париж Олимпиадасына екі шәкіртім барады. Оның бірі – Абылайхан Жұбаназар болса, екіншісі – Нұрлыхан Шархан. Олар талай мәрте байрақты бәсекелерде бақ сынап, шеберлігін шыңдап, мол тәжірибе жинаған спортшылар. Олимпиадада екеуін зор сенім артамын», - дейді ол. 

Сондай-ақ Париж Олимпидасында Сыр өңірінен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали бақ сынайды. 

Франция астанасы Париж қаласында Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Айта кетсек, бүгін 2024 жылғы Париж Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады. 

Соңғы жаңалықтар