Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен ГФР-ға жүріп кетті

  АЛМАТЫ. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен жүріп кетті.

Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен ГФР-ға жүріп кетті

Ресми сапар барысында Берлинде Германия мен Қазақстан арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет ететін бірқатар экономикалық құжаттарға қол қойылуы жоспарлануда. Герман тарапының пікірінше, сапардың практикалық маңызы зор және өзара тиімді толық ауқымды әріптестікке қуатты серпін береді.

2011 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан-Герман іскерлік кеңесінің үшінші отырысында ҚР-ның ГФР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нұрлан Оңжанов елшілік Берлинде Мемлекет басшысының қатысуымен негізгі жобалар таныстырылымын өткізуді және екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылуын жоспарлап отыр, деп атап өткен болатын.

26 қаңтарда ҚР елшісі Нұрлан Оңжановпен ГФР астанасындағы келіссөздері барысында  Германия Федералдық канцлері Ангела Меркель қазақстандық көшбасшымен Берлинде алдағы кездесуге өте қуанышты екенін мәлім етті.

ГФР статистикалық органдарының мәліметтері бойынша, 2011 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымы қайтадан дағдарысқа дейінгі деңгейге жетіп, 6 млрд. еуродан астам соманы құрады.