Нью-Йорктегі әйгілі зәулім ғимаратқа өрмелеген жұп сот алдында жауап беретін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорктегі Empire State Building зәулім ғимаратына өрмелеген ресейлік жұп қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды NBC News.
Манхэттен аудандық прокуратурасы берген қылмыстық шағымға сәйкес, 33 жастағы Анжелина Николау мен 32 жастағы Иван Кузнецовқа қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіру, мүлікке екінші дәрежелі қылмыстық зиян келтіру және шамамен 450 метрлік ғимаратқа өрмелеу ісі бойынша айып тағылды.
Қара костюм мен маска киген жұп ғимаратқа өрмелеп, артынша антеннаға «Махаббат күші билікке деген құштарлықты жеңгенде, әлемде тыныштық орнайды» деген жазуы бар жалау ілді.
Екеуі де кінәсін мойындамады. Олардың ісі кепілдікпен босатуға мүмкіндік бермейді, сондықтан олар сотқа дейін қамауда емес, бақылауда болады.
Олардың адвокаты Джейсон Кринский клиенттерінің басқаларға ешқандай қауіп төндірмегенін айтып, олар ғимаратқа өрмелегенде желдің жылдамдығы «өте төмен» болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ екеуінің Empire State Building-тің бақылау алаңының жалға алушыларына, келушілеріне немесе қонақтарына ешқандай қауіп төнбейді» деген мәлімдемесіне сілтеме жасады.
Шағымда айтылғандай, Empire State Building ғимаратының қауіпсіздік қызметі шамамен сағат 11:15-те полицияға ғимарат шатырындағы антенна аумағында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мүмкін екені туралы хабар берген. Антеннаға жету үшін бірнеше шектеулі аймақтан өту қажет болған. Атап айтқанда, 103-қабатқа тек 102-қабаттағы күзетілетін есік арқылы өтетін арнайы рұқсат картасы бар адамдар ғана кіре алады.
Шағымда айтылғандай, полиция хабар тарату антеннасы орналасқан 104-қабатқа апаратын есіктің құлпы бұзылғанын анықтаған. Соның салдарынан шамамен 2 мың доллар көлемінде материалдық шығын келген.
Сондай-ақ құжатта антеннаның адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін жоғары жиілікті радиосигналдар шығаратыны айтылған. Осыған байланысты Нью-Йорк полициясының жедел қызметі оқиға орнына жеткенге дейін билік өкілдері антеннаны уақытша өшіруге мәжбүр болған. Бұл процесс шамамен 30 минутқа созылған.
Полицияның мәліметінше, Николау мен Кузнецов хабар тарату антеннасының үстінде немесе оның маңында қалып қойған. Оларды ол жерден түсіру оңай болмаған. Осылайша олар полиция қызметкерлерінің өміріне елеулі қауіп төндірген. Бұл туралы қылмыстық шағымда айтылған.
Бұған дейін Анжела Николау мен Иван Кузнецов 2022 жылы бірнеше ай Алматыда тұрған. Осы қалада олар фотограф Александр Кузнецовпен бірге «Нұрлы Тау» тұрғын үй кешенінің шатырында түсірілген панорамалық видеосымен кеңінен танылған болатын. Олардың айтуынша, бұл зәулім ғимарат ерекше сәулеті мен Іле Алатауына ашылатын әсерлі көрінісі үшін таңдалған.
Осыған дейін Айдана Тұрсын есімді «өрмекші қыз» туралы жазғанбыз. Ол екінші қабатқа ешқандай құрылғыны пайдаланбай-ақ еркін шыға алады.