Нью-Йорктің бірінші мұсылман мэрі ант қабылдауда құран қолданды
АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорктің бірінші мұсылман мэрі Зохран Мамдани ант қабылдауда XVIII ғасырдағы Сириядан шыққан, Осман империясы дәуіріне жататын қолжазба құранды пайдаланды, деп хабарлайды Анадолы.
Мамдани X әлеуметтік желісіндегі парақшасында ант қабылдау барысында пайдаланылған Құран туралы айтты. Ант қабылдау рәсімі 1 қаңтарда өткен болатын.
Мэрдің сөзінше, бұл Құран XVIII ғасырдан бергі қолжазба саналады, бұрын Артуро Шомбургке тиесілі болған. Ол Сириядан шыққан Осман дәуіріндегі қолжазба екенін атап өтті. Мәтін қара сиямен жазылған, ал кейбір бөліктері қызыл түспен ерекшеленген.
Мэр бұл Құранды Нью-Йорк тарихындағы «жаңа кезеңнің» символы деп сипаттап, оны қаланың барлық тұрғынына ортақ қазына деп санайтынын айтты. Құран Нью-Йорктың Бас қоғамдық кітапханасында көрмеге қойылады.
Айта кетейік, 34 жастағы Зохран Мамдани Угандада дүниеге келген. Ол 4 қарашада өткен сайлауда жеңіске жетіп, соңғы жүз жылда Нью-Йорктің ең жас мэрі әрі бірінші мұсылман мэрі атанды. CBS News деректеріне сәйкес, сайлауға 2 миллионнан астам адам қатысты, бұл - 1969 жылдан бері ең жоғары көрсеткіш.
Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йорк қаласының мэрі Зохран Мамданимен кездескенін жазған едік. Шара барысында Трамп Мамданиге Нью-Йоркті қауіпсіз ету үшін бірге жұмыс істейтініне уәде берді.