О дүниеден келген қыз: жеті күн мәйітханада жатқан желтоқсаншының әңгімесі
1986 жылдың желтоқсанында Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарының ішінде Ақкүміс Ықыласова да болды. Тірі болғанына қарамастан бірнеше күн мәйітханада жатқан желтоқсаншы Kazinform тілшісіне 37 жыл бұрын алаңда болған жағдай туралы сұхбат берді.
– Ақкүміс апай, әңгімені өзіңізден бастасақ...
– Мен 1961 жылы 22 ақпанда қазіргі Батыс Қазақстан, бұрынғы Орал облысы, Фурманов ауданы Талдыапан ауылында дүниеге келдім. Анамнан ерте айырылып қалдық. Әкеме өзімнен кейінгі бауырларымды аяғынан тұрғызу үшін жәрдемдесу керек болды. Мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасына жұмысқа орналастым. Сол жерде жұмыс істеп жүріп технологиялық институтқа сыртай оқуға түстім.
– Желтоқсан оқиғасын қалай өткергеніңіз туралы айтып беріңізші?
– 16 желтоқсан күні әдеттегідей жұмысқа келдім. Жұмыста абыр-сабыр болып жатыр. Фабрикада көп ұлттың өкілдері жұмыс істеді. Олардың ішінде жақсысы да, жаманы да бар еді. Бәріне бірдей күйе жаққым келмейді. Бірақ қазақ қыздарына деген қысымды сезіп жүрдік. Бізге «орыс тілінде сөйлей алмайсыңдар, ауылдан келгенсіңдер» деп дөрекілік көрсететіні рас. Сол күні маған тиісті. «Сен неге жұмысқа келдің? Қазақтар балабақшаларды өртеп, алаңда шу шығарып жатыр. Тез кет әйтпесе, милиция шақырамыз», деді. Содан мен цехтарды аралап, баратын қыздарды жинадым. Қарасақ, есіктерді жауып тастапты. Біз екінші қабаттың терезесінен секіріп түсіп, алаңға қарай бет алдық. Келсек, әр жерде топтасқан адамдар тұр. Бәрінің көңіл күйі жоқ. Алаңда түнгі сағат үшке дейін жүрдік. Жастар келіп жатыр. Біздің қарнымыз ашты, тоңдық. Содан қасымдағы қыздармен солар жалдап тұратын үйге кетіп қалдым.
– Келесі күні алаңға қайта бардыңыз ба?
–17 желтоқсан күні алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. Олардың ішінде біз де бармыз. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным», «Елім- ай» әнін айтып алаңда жүрдік. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениетінің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап еттік. Бейбіт шеруге шыққандықтан «Тараңдар!» деген сөзге көнетін біз бе? Өз талабымызды айтып, тарқамай тұра бердік. Бір кезде айқай-шу басталып кетті. Алдымыздан артқа қарай ығыстырылған кезде, құлап қалғандарға шалынып мен де аяқтың астында тапталып қалдым. Бәрі шым-шытырық болып кетті. Өрт машинасы суық су шашты, соққылар алдық. Сонда да жүрміз. Бізге тіпті қашуға мүмкіндік те болмады. Қоршауда қалдық.

– Сізді сол кезде дәрігерлер өлгендердің қатарына қосып, мәйітханаға жіберген екен. Осы жайлы айтып өтсеңіз.
– «О дүниеден келген қыз» деп жазушы Талғат Айтбайұлының «Алматы: 1986 желтоқсан» деген кітабының екінші томында бар. Сол күнгі мұзды аязды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 18 желтоқсан күні түнгі сағат 2-лер шамасында бізді өлімші қылып сабады. Сол кезде мен есімнен танып қалыппын. Кейін қасымдағылардан естідім. Бізді қоқыс тиейтін көліктерге тиеп, қала сыртындағы полигонға апарып төккен екен. Ал енді мәйітханада жатқаным туралы болса, ол енді рас. Свалкада жатқанда мені қыздар мен жігіттер көрген. Алып кеткен. Сол жақта арбамен бөтелке жинайтын сығандар жүретін. Солардың біреуі кезігіп қалған ғой. Бізді қаланың шекарасына дейін жеткізіп тастапты. Алайда тағы да милицияға ұсталып қалыппыз. Менің есімде ештеңе жоқ. Целинный кинотеатрының маңында жатқан жерімнен таныс қыз көріп қалып, милицияға мені ауруханаға апаруды өтінген екен. Мені 12-ші қалалық ауруханаға апарады, дәрігерлер «мынау өліп қалған, мәйітханадан аласыңдар» деген. Есімді еміс-еміс білемін, орыс кемпір келіп тұр екен. Сол кемпір 7 күн мәйітханада жатқан мені дәрігерлерге алып барып тірі екенімді айтқан. 9 күн емделгеннен кейін мені ауруханадан шығарды.
– Құқық қорғау органдары тарапынан артыңыздан іздеу болды ма? Кейінгі тағдырыңыз қалай өрбіді?
– Мені қудалайтын еді, денсаулығым болмады. 8 жыл бойы ауруханаға барып, емделдім. Оқуымды да жалғастыра алмадым. Қазір зейнеткермін. «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының мүшесімін.

– Сіз үшін 16 желтоқсан қандай күн?
– Тәуелсіздікті әкелген желтоқсан көтерілісі емес пе? Алдымен желтоқсан күнін еске алып, тәуелсіздік күнін сосын тойлау керек. Желтоқсан көшесінде тұрған ескерткішті мен «Жетім қыз» деймін. 16 желтоқсан күні бір топ адам барып гүл шоғын қояды да, кетіп қалады.
– Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға қаншалықты жағдай қарастырылған?
– «Желтоқсанға қатыстым, маған көмек беріңдер» деп көкірегімізді кермейміз. Біз елдің тәуелсіздігі үшін шықтық. Жағдайы жоқ, пәтер жағалап жүрген желтоқсан көтерілісінің қатысушылары бар, соларға көмек берсе екен деп ойлаймыз әрине. Желтоқсанды шынымен дәріптегіміз келсе, онда Желтоқсан оқиғасына қатысқандарға статус берілуі керек.
– Әңгімеңізге рақмет!