ОАР билігі Трамптың елді G20 саммитінен шығару туралы қоқан-лоққысына үн қатты
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Африка Республикасы АҚШ президенті Дональд Трамптың өз өкімімен елді 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырмайтыны туралы мәлімдемесіне қатаң жауап қатты, деп хабарлайды DW.
ОАР президенті Сирил Рамапоса елдің «егемен, демократиялық және конституциялық мемлекет» екенін атап өтіп, өздеріне бағытталған «қорлауды» қабылдамайтынын айтты.
Рамапоса Трамптың ОАР-ға қатысты «жаза сипатындағы шаралар» қабылдап отырғанын өкінішті жағдай деп бағалады. Оның айтуынша, бұл қадамдар АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту үшін жасалған күш-жігерге қарамастан және «жалған ақпарат пен бұрмалауға» негізделіп отыр.
Президент әкімшілігі 21–22 қараша күндері Йоханнесбургте өткен G20 саммитіне АҚШ-тың өз делегациясын жібермегенін еске салып, алайда басқа қатысушылар бұл жиынды табысты өтті деп бағалап, көпжақты ынтымақтастықтың маңызын растағанын айтты.
Бұған дейін Трамп ОАР-ды Йоханнесбургтегі саммит аяқталғаннан кейін G20-ға төрағалықты ротация тәртібімен АҚШ-қа тиісінше тапсырмағаны үшін сынға алған еді. ОАР билігі төрағалықты АҚШ елшілігінің қызметкеріне тапсырғанын, себебі кездесуге америкалық жоғары лауазымды өкілдер қатыспағанын айтып түсіндірді.
26 қараша күні Трамп Truth Social желісінде мәлімдеме жариялап, ОАР үкіметін африканерлер мен еуропалық қоныстанушылардың өзге ұрпақтарына қатысты адам құқықтарының бұзылу мәселесін мойындаудан және шешуден бас тартты деп айыптады. Оның айтуынша, ақ нәсілді халық қырғынға ұшырып, жерінен де айрылып отыр. Осыған байланысты ол ОАР-ды Майамиде өтетін саммитке шақырмауды және елге берілетін «барлық төлемдер мен субсидияларды» тоқтатуды тапсырғанын мәлімдеді.
Оңтүстік Африка билігі ақ нәсілді халықтың құқықтары бұзылып жатыр деген айыптауларды жоққа шығарды. Рамапоса елде зорлық-зомбылық деңгейінің жоғары екенін мойындай отырып, қылмыс құрбандарының басым бөлігі қара нәсілді тұрғындар екенін атап өтті.
Сондай-ақ АҚШ босқындарды қабылдау жылдық лимитін 125 000-нан 7 500-ге дейін қысқартқан және квотаның басым бөлігін ОАР-дың ақ нәсілді азаматтарына арнаған. Мамыр айында АҚШ мұндай босқындардың алғашқы тобын қабылдады. Ол кезде Трамп АҚШ «негізінен зорлық-зомбылықтан қашқан адамдарға азаматтық берді» деп мәлімдеген-ді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп келесі жылы өтетін G20 саммитіне Оңтүстік Африканы шақырмайтынын мәлімдеді. Оның алдында G20 саммиті алғаш рет Африка құрлығында өтіп жатқанын жаздық.