Облыстық театр әртістері жылдар бойы мемлекеттік сыйлық алмай келеді — театртанушы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен аймақтық театрлардың мәселесі талқыланған жиын өтті.

Театртанушы, өнертану кандидаты Анар Еркебай
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Театртанушы, өнертану кандидаты Анар Еркебай облыстық театр актер, актрисалары мемлекеттік марапаттардан жиі тыс қалатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай конкурстарда Алматы мен Астананың әртістеріне басымдылық беріледі

— Театрдың статусын көтеру үшін, академиялық статус алу үшін белгілі ережелері бар. Мысалы, бір Халық әртісі, бес Еңбек сіңірген әртісі, бірнеше мәдениет қайраткері, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегерлері болуы керек. Бірақ бұл талаптарға облыстық театрлар жете алмай жатыр. Өйткені мұндай атақтарға бір конкурс жарияланған кезде тағы да сол Алматы, Астананың көзге көрініп жүрген танымал әртістері алып кетеді. Ал облыстық театрлар сырт қалып қояды. Бұл олар үшін үлкен мәселе. Кей театрларда аға буын өкілдері кеңестік кезеңде, 90-шы жылдары атақ алып қалған болса, бертін келе мүлдем алмай жатқандары бар. Яғни, актерлерге мұндай марапаттар стимул болады. Мотивация беруіміз керек. Сондықтан осы мәселе елеп-ескерілсе дейміз, — деді ол.

Еске салайық, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық театрлардың жай-күйі туралы мәселе көтерді және жергілікті бизнес өкілдерін театрларға қолдау көрсетуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар