Өгей қызын соғып, шашынан сүйреген маңғыстаулық тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды

АҚТАУ. KAZINFORM – Кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі жұрттың көзінше ұрып-соққан. Бұл туралы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Диляра Турина мәлімдеді. 

Өгей қызын соғып, шашынан сүйреген маңғыстаулық тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметінен

Д. Туринаның айтуынша, ер адам әйелі мен оның 16 жастағы қызына үнемі психологиялық қысым көрсетіп келген. Ал оқиға болатын күні үйге кіре алмаған соң, оларды сыртта аңдыған. Жасөспірім қыз дүкенге нан алуға шыққанда, оны өгей әкесі үйдің кіреберісінен ұстап алған. Қызды шашынан сүйреп, көпшіліктің көзінше соққыға жыққан. 

– Өкінішке қарай, сол кезде куәгерлердің ешқайсысы қызға араша түспеген. Жасөспірім қазір ауруханаға жатқызылды. Анасы полицияға арыз түсірді. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодекстің 109-бабы – «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс Маңғыстау облыстық полиция департаментінің, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның және облыстық прокуратураның бақылауына алынды, - дейді Диляра Турина.

Жәбірленушіге кәмелетке толмағандарға қолдау көрсету орталығының психологы психологиялық көмек көрсетеді. Диляра Турина тұрғындарды мұндай оқиғаларға бейжай қарамауға шақырды.

– Баланы, қызды, әйелді ұруға ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай жағдайлар қоғамда кең резонанс тудырып, әрбір азамат бала мен әйелдің құқығын қорғауға жұмылуы тиіс, - дейді ол. 

Бұған дейін Атырау өңірінде жыл басынан бері зорлық-зомбылық дерегімен 30 қылмыстық іс тіркелгені туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар