Оғыз дәуірінің теңгелері, керамика, қола бұйымдар: Жанкент жәдігерлері нені айғақтайды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Жанкент қалашығында 2023 жылдан бері Түркі академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірге жүргізіп келе жатқан археологиялық зерттеулерге арналған ескерткіш стела бой көтерді.

Сондай-ақ академияның бастамасымен археологиялық мұраны сақтап қалу мақсатында қазба алаңының үстіне қорғаныш жабындысы орнатылды. Бұл туралы академияның баспасөз хатшысы Айым Төлеуғали хабарлады.

Ежелгі қалашықтың орнын зерттеуге Өзбекстандағы Я.Гулямов атындағы Самарқанд археология институтынан, еліміз бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы археология және этнография ғылыми орталығынан, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалынан мамандар қатысты. Қазба жұмысы Жанкент археологиялық ескерткішін жан-жақты зерттеу, сақтау және түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында жүргізілді.

Стелланың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Жанкент X ғасырға дейін Сырдария оғыздары мемлекетінің астанасы ретінде аймақ тарихында ерекше орын алған шаһар екенін атап өтті.
– Жібек жолы бойында орналасуының арқасында қала Еділ-Орал өңірі мен Мәуереннаһр, Хазар қағанаты, Хорезм арасында маңызды сауда және мәдени байланыстар торабына айналды. 2023 жылдан бастап цитадельдің кіреберіс қақпалары мен тұрғын үйлерде, сондай-ақ қаланың шахристан бөлігінде қазба жұмысы жүргізілді. Ондағы мақсат – төменгі Сырдария өңіріндегі ортағасырлық қала типіндегі қоныстардан алынған археологиялық материалдарды жүйелі түрде жинақтау, жіктеу және талдау. Алынған нәтижелер VII-X ғасырларда Сырдария өңіріндегі түркі-оғыз мәдениетінің қалыптасу, даму сатыларын нақтылауға мүмкіндік беріп, Сырдарияның орта және төменгі аймақтарындағы этникалық жүйелер туралы түсінікті айтарлықтай кеңейтеді, – деді ол.

Археологтардың айтуынша, Жанкент тұрғындарының өзіндік мәдениеті болған. Ал қаладағы тұрғын үй және шаруашылық ғимараттарының құрылымы оның инфрақұрылымының ауқымды болғанын әрі жақсы дамыған көрсетеді.
– Үшжылдық жоба аясында 1800 шаршы метр аумақта қазба жұмысын жүргіздік. Бұл бізге хронология бойынша ғана емес, материалдық мәдениет, археоботаника және археозоологияда жаңа үлгілер табуға, тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Табылған ең құнды олжалардың бірі – IX ғасырға тән оғыз дәуірінің теңгелері жасырылған күміс көмбесі. Жанкенттен алғаш рет табылып отырған тарихи жәдігер ежелгі қаланың Жібек жолындағы ірі сауда және мәдени орталық ретіндегі маңыздылығын көрсетеді. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қызметкерлері Ағабек Назаров пен Жетесби Сұлтанжанов археологиялық қазба жұмысы кезінде ғана емес, стелла мен қазба алаңының үстіне қорғаныш жабындысын орнатуға көп көмектесті, – деді Самарқанд археология институтының маманы Айсулу Искандерова.

Қазба жұмысы барысында Жанкенттің материалдық мәдениетін айғақтайтын көптеген құнды тарихи жәдігер табылды. Оның ішінде бұрын-соңды кездеспеген пішін мен қолданыста болған қолдан жасалған керамика үлгілері, қола бұйымдар, ошақ маңында қолданылған қошқар басы бейнесіндегі тұғырлардың өрнектелген түрлері ерекше назар аудартады.

Бұған дейін де біз көне Жанкент шаһарының іргетасының қалануына байланысты жаңа деректер пайда болғанын жазғанбыз. Зерттеушілер шаһардың пайда болу мерзімі бесінші ғасырға дейін созылуы мүмкін екенін жеткізген.