ОҚО әкімі: Ата заңды ардақтау - тәуелсіз еліміздің әр азаматының асыл парызы

Сондай-ақ аймақ басшысы ҚР Президенті Н.Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформа мен 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт жоспарын орындау жолында Конституция құндылықтарын ұлықтап, оларды бұлжытпай орындай білсек, біздің алдағы алар асуларымыз көп екенін атап өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.
Салтанатты шара «Туған елім - Қазақстан» атты музыкалық-хореграфиялық композициясымен ашылды.
Жиында ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйлеп, облыс жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының бүкілхалықтық референдумда қабылданғанына биыл 20 жыл толып отыр. Барша қазақстандықтар сияқты Ата заңымыз қабылданатын тұста оңтүстікқазақстандықтар да белсенділік танытқан болатын. Сол кезеңдердің аса күрделі әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтарына қарамай, оңтүстік халқы келешекке үмітпен қарап, ел көшін бастаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім артты. Бүгінде біздің еліміз демократиялық құндылықтарға негізделген, өзіндік саяси әлеуметтік жүйесі бар, экономикасы қарыштап дамып келе жатқан мемлекет. Осындай іргелі мемлекетіміздің негізгі тірегі - Қазақстан Республикасының Конституциясы», - деді облыс басшысы.
Салтанатты шараның соңы Оңтүстік Қазақстан облысы өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Онда Ш.Қалдаяқовтың «Алыс арман», Ә.Ботақараевтың «Бабалар рухы» сынды көпшілікке танымал әндер орындалды. Мұнан кейін облыстық эктномәдени орталықтарының әншілері, облыстық опера және балет театрының өнерпаздары, «Қаракөз», «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері мен балет тобы түрлі ұлт өкілдерінің әндерінен попурри орындады. Ал 500 адамдық хор мен барлық концертке қатысушылар Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін бірлесе шырқаған сәтте жиналған көпшілік мерекелік көңіл-күйге бөленді.