ОҚО әкімі халықаралық байқаушылармен кездесіп, ынтымақтаса жұмыс жүргізуге шақырды

Екіжақты болған кездесуде өңір басшысы Президент сайлауын өткізу кез-келген өркениетті ел үшін мәні терең саяси оқиға деп бағалап, елімізде бұл саяси дода қолданыстағы заң талаптары аясында демократиялық принциптерге сай өтетініне сенім білдірді. Сайлау науқанының барынша ашық өтуін қамтамасыз ету мақсатында Шымкентте халықаралық бақылаушылар үшін арнайы орталық құрылып жұмыс жүргізіп отырғандығын мәлімдеп, халықаралық беделді ұйымның өкілдерін өзара ынтымақтастық пен әріптестік негізінде қызмет етуге шақырды. Мәртебелі меймандар өз кезегінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі екендігін айта отырып, Мемлекет басшысын сайлау науқаны демократиялық құндылықтар аясында ашық жағдайда өтеді деп сенім білдірді. Осы орайда тәуелсіз бақылаушылар үшін тиімді жағдай жасап отырған облыс әкімдігіне алғыстарын жеткізді.