ОҚО әкімі жұмысына салғырт қараған үш ауылдың әкімін қызметінен босатты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс материалдарын сатып алуда отандық өнімге басымдық беру қажет.
None
None

Төле би ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі А. Мырзахметов осылай деді. Жаңа форматта ұйымдастырылған есепті жиында облыстық басқарма жетекшілері мен аудан басшылығы алғашқы жартыжылдықта берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сала басшылары атқарылған жұмыстарды баяндаумен қатар, өзекті мәселелерге тоқталып, оның шешілу жолдарын айқындады. Елбасының бес институттық реформа 100 нақты қадам ұлттық жоспары аясындағы міндеттердің ауданда іске асырылуын сарапқа салды. Алғашқы кезекте жаңадан салынған әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше мән берген А.Мырзахметов ел игілігіне берілген нысандардың сапасын қадағалауды салалық облыстық басқармалар мен ауыл әкімдеріне және жаңа нысанның басшыларына жүктеді. Ауыл әкімдері мен мектеп директорларына ай сайын тұрақты түрде мектептің сапасын қадағалап, облысқа толыққанды мәлімет ұсынуды міндеттеді. Бұл тек білім саласына қатысты мәселе емес барлық әлеуметтік нысандар мен олардың басшыларына қойылып отырған талап деді.

«Төле би ауданында 2013-2014 жылдары қырық нысан тапсырылған. Кей аудандар соңғы үш-төрт жыл бұрын қолданысқа берілген нысандарды күрделі жөндеуге қаржы сұрауда. Ал біз қолға алып отырған осы тірліктің нәтижесінде орын алған олқылықтарды мердігер есебінен ретке келтіруді көздеп отырмыз», - деген өңір басшысы құрылыс саласындағы түйіткілді мәселелерді тереңінен талдап-таразылады. Сондай-ақ, құрылыс материалдарын сатып алуда отандық өнімдерге басымдық беруді тапсырды. Одан бөлек жауапкершілікті күшейту мақсатында барлық әлеуметтік нысандарды мемлекеттік қабылдаудан өткізуде салалық басқарманың өкілі арнайы құрылған комиссия құрамына енуі қажет деді. Леңгір қаласының бүгінгі сәулеттік келбетіне тоқталған А.Мырзахметов бірқатар маңызды міндеттер жүктеп, ауданның табиғи ерекшеліктерін ескеріп, тау бөктері мен өзен-көлдердің жағалауларында көпшілік тынығатын демалыс орындарын ашуды тапсырды. Сонымен қатар, Леңгір қаласындағы базарлар мен ретсіз сауда орындарын ретке келтіру жайы сөз болып, сауда қатарларын заманауи сауда орталықтарына көшіруде, сатушылардың жағдайын ескеріп, оларға жеңілдіктер қарастыру жөн деді. Бұл тұрғыда жаңа сауда орындарын төрт айға дейін тегін содан соң жалға алу құнын 20 пайыз жеңілдікпен беру шараларын қолға алуды жауаптыларға тапсырды. Суармалы жерлерді тиімді пайдалануға ерекше мән берген өңір басшысы қарқынды бау шаруашылығын дамыту үшін аудан әкімдігі инвесторларға мың гектар жерді анықтап, оны бау шаруашылығын дамытуға беру керек деді. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша жұмыс нәтижелі, көрсеткіштер жақсы. Тек жұмысты дұрыс ұйымдастырып, уақытылы шешім қабылдау кемшін. Бұл тұрғыда аудан әкімдігі мен облыстық басқарма арасындағы байланысты арттыру қажет. Ауданда 200 шағын мал бордақылау алаңшасын ашу жоспарланғанымен, бүгінге дейін тең жартысының құжаты әзірленбеген. Үй іргелік жерлерін тиімді пайдалану бойынша дерек дайындалғанымен оған бар-жоғы 34 гектар жер енген. Бұл жұмыстардың орындалуына көңілі толмаған облыс әкімі аудандағы үй іргелік жерлерді қайта зерделеп, толыққанды талдау жасауды әрі жерін ұтымды қолданамын деген ауыл тұрғындарына шағын несие беруді ширатуды тапсырды. Ауданда бір жарым мың абонементке табиғи газ келіп тұр. Бүгінде оны жеке сектордағы үйлерге тарту жұмыстары қарқынды жүруде. Үйге газ кіргізу құны кейбір аудандарда тіпті шарықтау шегіне жеткен болатын. Осы орайда облыс әкімі мен «Қазтрансгаз» АҚ арасындағы өзара келісімге сәйкес «көгілдір отынды» жеке үйлерге тартудың ортақ тарифін бекіту туралы ереже бекітілді. Енді әр абонемент газға қосылу үшін 75 мың теңгеден төлейтін болады. Аудандағы мектептер жанындағы жылыжайлар жұмысының жүйеленбегеніне тоқталған өңір басшысы бұл істе тиімділікке назар аударып, бюджет қаржысына үнеммен қарауды және әр мектеп жанындағы жылу қазандықтарының әлеуетін жылыжайда да қолдану арқылы тиімділікті арттыруды міндеттеді. Кеңейтілген мәжілісте ауданда заңсыз жер қойнауын пайдалануға қатысты бірнеше деректің тіркелгені айтылып, жұмысына салғырт қараған үш ауылдың әкімі жұмыстан босатылды.

Жиын соңында өңір басшысы жұмыс тиімділігін арттыру үшін басқарма жетекшілері мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар