ОҚО-да 1,6 млн. халық табиғи газбен қамтамасыз етілген

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 31 ауыз су нысанының құрылысына 6,7 млрд. теңге бөлініп, құбыр суы мүлдем жоқ 150 елді мекеннің жер асты су қорлары бекітілді.
Нәтижесінде, жалпы қорытынды бойынша орталықтандырылған сумен қала тұрғындарының 91,7 пайызы, яғни, 1143,9 мың адам, ауылды елді мекендердің 71,1 пайызы (596 елді мекен) қамтамасыз етілген. Соның арқасында Оңтүстік Қазақстан облысы халықты таза ауыз сумен қамту үлесі бойынша республика өңірлерінің арасында төртінші орында. Ал газдандыру мәселесі бойынша 2015 жылы 57 газ нысанының құрылысына 12,7 млрд. теңге қаралып, нәтижесінде, 14 елді мекеннің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Бүгінгі таңға, облыстағы 268 елді мекен немесе 1,6 млн. халық табиғи газбен қамтамасыз етілген.