ОҚО-да саяхатшы Біркөлік тау шатқалында жоғалып кетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында саяхатшы жоғалып кетті. 30 жастағы Қасымбек Құдасов Біркөлік тау шатқалының «Галкина» асуына шығып, қайтып оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-да саяхатшы Біркөлік тау шатқалында жоғалып кетті

Өңірдің төтенше жағдайлар қызметіне саяхатшының жоғалып кеткені туралы келесі күні хабар түседі. Оқиға орнына жедел-іздестіру жасағының 5 адамы 1 техникамен жетіп, жанында болған кісілерден жоғалған азамат туралы сұрастырған. Белгілі болғандай, Шардара ауданының тұрғыны жерлестерімен бірге саяхаттап келген екен. 15-ші шілде күні «Галкина» асуына бет алған саяхатшы сол күйі хабарсыз кетіпті.

Осыдан кейін құтқарушылар Біркөлік тау шатқалының асуларын іздестірген. Олардың қатарына Төле би ауданынының 2 құтқарушысы мен жоғалған саяхатшының 12 танысы қосылған.

Алайда бұл топтың түске дейінгі іздестіру шаралары нәтиже бермейді. Болмаған соң із кесушілерге тағы 7 адам мен 2 техника жолданған. Құтқарушылар тек кешкі 17.45-те ғана жоғалған азаматты таба алған. Ол лагері базасынан 3 шақырымдай жерге кетіп қалыпты. Оның сол аяғы сынып ешқайда қозғала алмай қалғаны белгілі болды. Жарақат алған саяхатшыға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.