Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақ-поляк сауда-өнеркәсіп палатасы әріптестік меморандумын қабылдады

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жақында, нақтырақ айтқанда 27 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақ-поляк сауда-өнеркәсіп палатасы арасында әріптестік туралы меморандум қабылданды. Шараға облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлтаев, Қазақ-поляк сауда-өнеркәсіп палатасының директоры Дариуш Хмура, өңірдің кәсіпкерлері қатысты. Бұл туралы ОҚО Кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақ-поляк сауда-өнеркәсіп палатасы әріптестік меморандумын қабылдады

Меморандумның мақсаты Қазақстан мен Польша кәсіпорындарының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, екі жақты коммерциялық байланыс пен инвестициялық серіктестікті нығайту болып табылады. Осы меморандум аясында ОҚО Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақ-Поляк сауда-өнеркәсіп палатасы бірқатар бағыттарда бірлесіп жұмыс жасауға келісті. Атап айтқанда, шетелдік инвестицияларды тартудағы екі жақты ақпарат алмасу, кәсіпкерлікке арнайы оқытудың бірлескен семинарларын өткізу, екі жақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту көзделеді.

«Оңтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіпке инвестиция тартуға барлық жағдайлар жасалған. Бүгінгі күні кәсіпкерлер инвестицияларды Астана мен Алматы қалаларына тартуға ұмтылады. Біз Шымкентте кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға жақсы жағдайлар жасалынып жатқанын көріп, осы жерде өзіміздің өкілдігімізді ашуды шештік, сонымен қатар Польша инвесторларын Оңтүстік Қазақстанға шақырамыз. Қазіргі таңда облыс аймағында іске асырылатын үш жобамыз бар», - дейді Қазақ-поляк сауда-өнеркәсіп палатасы директоры Дариуш Хмура. Польша кәсіпкерлері жобаларының арасында облыста құны 65 млн. еуроны құрайтын күркетауық фермасын салу, сонымен қатар Қазақстандағы ең үлкен сүт зауытын орнату жоспарлары да бар. Аталмыш зауытты Польшадағы ірі сүт өндейтін мекемелердің бірі салады. Олар Қазақстаның барлық өңірлерін сараптап, оңтүстік өңірге тоқталғанын да айта кету керек.

«Екі жақты қабылданған меморандум аясында тараптар облыс экономикасының басым бағыттарын нығайту мен бірлескен іс-шаралар кестесі бекітілді», - дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлтаев. Оның айтуынша, облыста ауылшаруашылық саласына бағытталған оқыту-тәжірибелік орталығын ашу жоспарланады. Онда Польша бағбандары жергілікті кәсіпкерлерімен өз тәжірибелері алмасатын болады.