ОҚО: Отырар ауданына «Кітапханалық керуен - 25 ауылға» автокеруені келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Кітапханалық керуен - 25 ауылға» автокеруені Отырар ауданына ат басын бұрды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

 ОҚО: Отырар ауданына «Кітапханалық керуен - 25 ауылға» автокеруені келді

Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова бастаған керуен Шілік ауыл округінде болды. Жаңа Шілік және Шілік елді мекендерінде кітапхана оқырмандарымен жүздескен аталмыш керуен тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов құттықтау сөз сөйледі. Құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары «Кітап - адамзат баласын үнсіз тәрбиелейтін тәрбие құралы» деп атап өтіп, бағалы қазынамызға құрметпен қарап, осындай игі істер жалғасын таба беретіндігін жеткізді. Облыс орталығынан бастау алып, аудан тұрғындарына мың жылдық рухани азық бере білген керуен кітапхана оқырмандарының басқосуымен жалғасты.

null  

Басқосуда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қ.Төретай мен түркітанушы С.Сахабат мырзалармен жүздесу арқылы оқырмандар арасында сырлы сұхбат орнады. Ал, Қазақстанның Халық ақыны Әселхан Қалыбекова аудан тұрғындарына ұсынған «Мәңгілік Елдің - мәңгілік мұрасы» атты көшпелі кітап көрмесін «Көшпелі алтынға» балады. «Тәуелсіздік қолтаңбалары» атты естелік жазбаға арналған кітаптарға ақын Ә.Қалыбекова алғашқылардың бірі болып өзіндік қолтаңбасы мен ақжарқын тілегін қалдырды.

Жиын соңында Шілік ауыл округінде орналасқан ауылдық кітапханаларға облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасынан өңіріміздің шежірелі тарихынан сыр шертетін кітаптары сыйға тартты.