ОҚО: «Тәуелсіздік - ұлы дала ұрпақтарына аманат» тақырыбында семинар өтті
Семинарға аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш қатысып, ширек ғасырлық ел егемендігінің мерейлі мерекесімен көпшілікті құттықтады. Жиында С.Құртаев мектебінің оқушылары өз шығармашылық тақырыптарын 30 жыл бұрынғы зұлматты Желтоқсан оқиғасын сахналық көріністерімен жеткізді. Қайраттың ұлтшылдылығын, алаңға жиналған жалынды жастардың шеруін, сот шешімінің әділетсіздігін, Қайрат пен анасының қоштасу сәті жүректі сыздатты. Желтоқсан оқиғасына қатысқан бастауыш сынып мұғалімі Рая Маханова өскелең ұрпаққа азаттықтың ақ таңы бабалар аманаты екенін айтып, қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан желтоқсанның ызғарлы желіне кеуде тосқан батыр ағалар мен апалардың өмірін баяндады.
Семинар одан ары мұғалімдер мен оқушылар әзірлеген ашық сабақтарға ұласып, аудандағы өзге білім беру мекемелерінен келген ұстаздар қауымы сабақтарға қатысып, тәжірибе алмасты. Өскелең ұрпақ тарихты жақсы біліп өсуі шарт. Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін түсініп, оны қастерлеу керектігін білгендері абзал. Өйткені, Тәуелсіздік - ең ұлы құндылығымыз.