Оқу-ағарту министрлігі балаларға қатысты алаяқтық туралы ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне жіті назар аударуға шақырады.

алаяқ
Фото: ҚР ҰҚК

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы уақытта жасөспірімдерге бағытталған алаяқтық жағдайлары көбейіп кетті. Алаяқтар онлайн ойындар мен мессенджерлерді (әсіресе Telegram) пайдаланып, балаларды алдап, ата-аналардың банк карталарының деректерін қолға түсіруге немесе кәмелетке толмағандарды заңсыз қаржылық әрекеттерге тартуға тырысады.

Балаларға ойын арқылы ұтыс ұтып алуға немесе «оңай ақша табуға» болады деп сендіріп:

• банк карталарының суретін CVV-кодымен бірге сұратады;
• карталарын «жалға беруді» ұсынады;
• достары мен сыныптастарының карталарын жинауды сұрайды.

- Бұл әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін — заң алдында жауапқа тарту қаупі бар және баланың психикасына, өмірге деген сеніміне зиян келтіреді, - делінген хабарламада.

Сіз не істей аласыз?

• Баламен ашық сөйлесіп, алаяқтың кім екенін және неге банк картасының деректерін ешкімге беруге болмайтынын түсіндіріңіз.
• Қауіпті арналарға жол бермес үшін ата-ана бақылауын орнатыңыз.
• Балаңыз интернетте кіммен, не жайлы сөйлесіп жүргенінен хабардар болыңыз.

Комитет осындай жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздікті күшейту бағытында жұмысын жалғастыруда. Алайда ең басты қорған — бұл отбасы ішіндегі сенім мен ашық әңгіме.

- Күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласыңыз. Балаларыңызға қамқор болыңыз — олардың қауіпсіздігі сіздің хабардар болуыңыздан басталады!, - деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.

Осыған дейін Ұлттық банк жалған несиелік шоттарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық схема туралы ескерткенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар