Оқу-ағарту министрлігі мектептегі буллингке қарсы жаңа іс-шаралар әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде былтыр кәмелетке толмағандарға буллинг және кибербуллинг жасау фактілері бойынша 272 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазақстанда мұндай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жаза екі жыл бұрын енгізілді. Балалар мен жасөспірімдерге әлімжеттік көрсету, мазақ қылу, шеттету, жүйкесіне тию т.б. әрекеттердің алдын алуға арналған шаралар қандай нәтиже беріп жатқанын зерттеп көрген едік.
Бұл мәселе бойынша Kazinform-ның ресми сауалына Балалар құқығын қорғау комитеті жауап берді. Ведомство мәліметінше, аталған заң 2024 жылдың маусым айында күшіне енген. Бастапқы жарты жылдың ішінде 119 азамат жауапкершілікке тартылса, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 272-ге жеткен.
Министрліктің түсіндіруінше, тіркелген фактілердің артуына профилактикалық жұмыстардың күшеюі және буллингті анықтау көрсеткішінің өсуі әсер еткен.
Бүгінде елімізде әлімжеттік пен кемсітуді құзырлы органға хабарлаудың және көмек алудың бірнеше механизмі қолжетімді.
Атап айтқанда:
- «111» байланыс-орталығына тәулік бойы анонимді түрде хабарласып, психологиялық көмек және кеңес алуға болады;
- Мамандармен жедел байланысқа шығу үшін барлық мектепте QR-кодтар жапсырылып, орнатылған;
- Республиканың 20 өңірінде Балалар мен ата-аналарға арналған психологиялық қолдау орталықтары ашылған;
- Әр аймақта балалалар құқығы жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді;
- Балалар құқығын қорғау бойынша басқармалар құрылған. Олар кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және анықтаумен айналысады.
Әйтсе де, министрліктің мәлімдеуінше, буллинг түрлері – психологиялық қысым, физикалық әлімжеттік, кибербуллинг – бойынша жеке-жеке статистика әзірге жүргізіліп жатқан жоқ. Сонымен қатар, психологиялық жәрдемге жүгінген оқушылардың жасы мен саны бойынша да арнайы есеп жүргізілмейді.
Жалпы, 2025 жылы Психологиялық көмек орталықтары 17 567 балаға көмек көрсеткен.
Сонымен қатар министрлік буллинг фактісі белгілі болса, мектептердің қалай әрекет ететінін де егжей-тегжейлі сипаттады. Ереже 2022 жылдың 21 желтоқсанында Оқу-ағарту министрінің № 506 бұйрығымен бекітілген.
Аталған құжатқа сай, әлімжеттік, кемсіту жөнінде ақпарат түскен соң, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мына амалдарды атқаруы тиіс:
- Оқиғаның қатысушылары жөнінде ақпарат жинау;
- Бір жұмыс күні ішінде буллингке ұшыраған баламен, әлімжеттік көрсеткен оқушымен және олардың ата-аналарымен әңгіме жүргізу (оған психолог пен сынып жетекшісі қатысуы керек);
- Жанжалды бейбіт жолмен реттеу мақсатында қажетті шараларды қабылдау;
- Қажет болған жағдайда баланың медициналық көмек алуына көмектесу;
Атқарылған жұмыстар жөнінде мектеп басшылығына ақпарат беру.
Сонымен бірге, министрлік білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау көрсету жүйесін күшейтіп келеді. Қазір ірі мектептерде педагог-психологтердің санын көбейту үшін штаттық нормативке өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр.
Одан бөлек, 2026 жылдың 1 қыркүйегінен мектеп психологтеріне қосымша сағаттар беру жоспарланып отыр, яғни мамандар айрықша назар аударуды қажет ететін балалармен психологиялық жұмыс жүргізбек.
Оларға арнап «Мектеп психологына көмек» деген бірыңғай жинақ та әзірленген. Онда 1-11 сынып оқушылары мен колледж студентерінің диагностикасына бағытталған 23 әдістеме қамтылған.
Министрліктің мәліметінше, ұлттық заңнамаға «буллинг» деген ұғым енгізілгеннен кейін, елде профилактика мен әрекет етудің ведомствоаралық жүйесі құрыла бастады.
Атап айтқанда, бұл мақсатта төмендегідей құжаттар дайындалды:
- Буллинг белгілері анықталған жағдайда педагогтер мен мектеп әкімшілігінің әрекет ету тізбегі;
- Зорлыққа, әлімжеттікке ұшыраған не сондайға куә болған балаларды анықтау және оларға көмек көрсету ережелері;
- Айрықша назар аударуды қажет ететін балаларға педагогикалық қолдау көрсету ережелері;
- Психологтердің, әлеуметтік педагогтердің және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтетін Профилактика кеңестерінің жұмыс істеу тәртібі.
Одан бөлек, білім беру ұйымдарында профилактикалық жобалар енгізіліп жатыр. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап барлық мектеп пен колледжде «ДосболLIKE» және KiVa деген атаумен антибуллингтік бағдарламалар жұмыс істеп келеді.
Олар, министрліктің дерегінше, буллинг деңгейін шамамен 2%-ға төмендеткен.
– «ДосболLIKE» жобасы білім алып жатқан оқушылар мен студенттер арасында өзара жанашырлық, сыйластық және әріптестікті дамытуға бағытталған. Негізгі элементтердің бірі – бастамаға балалар мен жасөспірімдерді тарту, - деп мәлімдеді Балалар құқығын қорғау бойынша комитет.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның аясында кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық, буллинг, суицид, девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша қауіпсіздік сабақтары және біліктілікті арттыру курстары өткізіледі.
Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен де шектелмейді. Биыл 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» концепциясы бекітілді. Балалар құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру, буллингтің алдын алу шараларын күшейту және кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері аталған құжатта қамтылған.
Айта кетейік, бұған дейін алғаш рет буллингке қарсы республикалық форум өткенін жазғанбыз.