Оқу-ағарту министрлігі «Ұстазыңды құттықта» челленджін жариялайды

АСТАНА. KAZINFORM —  Еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз - ұлт шамшырағы» онкүндігі өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оқу-ағарту министрлігі «Ұстазыңды құттықта» челленджін жариялайды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса көрсетуге бағытталған.

Ұстаздық - мамандық қана емес, ұлы миссия. Педагогтер өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырады, әр баланың өз жолын табуына көмектеседі. Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беріп жатыр.

Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз - ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында «Ұстазыңды құттықта!» челленджін жариялайды. Бұл шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.

Челленджге барлық ниет білдіруші қосыла алады, ол үшін:

* әлеуметтік желілерде #Ұстазыңдықұттықта #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялаңыз;
* өз ұстазыңызға қоңырау шалып, жылы лебізіңізді білдіріңіз;
* құттықтау хатын жіберіп, естеліктермен бөлісіңіз.

Еске сала кетейік, 2023 жылдан бері Қазақстанда Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік шаралар өтеді.

Айта кетелік мектептерде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану бойынша оқыту басталды

Соңғы жаңалықтар