Оқудан шығып қалған «Болашақ» стипендианттарының қарызы белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқудан шығып қалған «Болашақ» стипендианты берешек қаржыны үш жылда қайтаруы тиіс. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Мейіржан Алпысбай ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, стипендиядан айырылғандардың берешегі 8,8 млрд. теңгені құраған екен. Оның ішінде 2,4 млрд. теңгесі өтелді, енді қалған берешек сома 6,3 млрд. теңгені қамтып отыр. Бағдарлама іске қосылғалы стипендиядан 782 адам айырылды, бұл өз кезегінде жалпы көлемнен 6,5 пайызды құрап отыр (12 040 адам).
«Олардың басым бөлігі «бакалавриат» академиялық дәрежесін алуға барғандар. Стипендиядан айырылудың бірінші себебі оқу үлгеріміне, екіншісі - отбасылық және басқа да жағдайларға орай өз еркімен бас тартуға байланысты. Осы ретте берешек қаржыны бірден қайтарамыз деп айта алмаймын. Біз стипендианттар мен туыстарына ақшаны үш жылдың ішінде біртіндеп қайтару мүмкіндігін береміз. Яғни, студент елге келген кезде белгіленген мерзімде қаржыны қайтаратындығы жөнінде шарт бекітіледі», -деді М. Алпысбай.