Оқушы өлімі: Ақтөбеде бас бостандығынан айырылғандар жазасын бостандықта жүріп өтейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 6 жыл 8 айға бос бостандығынан айырылған үш сотталушының жазасы өзгертілді. Ақтөбе облыстық апелляциялық сот алқасының қаулысымен сотталғандарға шартты жаза тағайындалды.

сот, судья, сот үкімі
Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, апелляциялық шағым түсіп, істі қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады. Апелляциялық шағымды жәбірленуші мен оның адвокаттары, сондай-ақ сотталған Б., М., Т. және олардың адвокаттары мен заңды өкілдері түсірген. 

— Сотталғандардың кәмелетке толмағандығы, кінәсін мойындағаны, іс-әрекеттеріне өкінгені, жәбірленуші тараппен медиациялық келісім жасалғаны және сотталғандардың жазасын жеңілдетуді сұраған жәбірленуші тараптың пікірі ескерілді. Сот алқасы шартты түрде жаза тағайындау туралы шешім қабылдады. Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша сотталғандар Б., М., Т-ның жазалары шартты деп есептелінді. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында 11 және 10-сынып оқушылары 9-сынып оқушыларын ауыл маңындағы моншаның жанына жинап, оларды ұрып-соқты. Сол кезде 9-сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмды

Іс Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Бұзақылық» баптары бойынша қозғалып, сотталушы Б., М. және Т. 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. 

Бұзақылық жасағаны үшін үш сотталушыға 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Бәрі де сол кезде Қопа ауылындағы мектептің оқушылары болды.

Соңғы жаңалықтар