Оқушыларға кәсіби бағыт беретін «Мансап компасы» цифрлық платформа әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оқушыларға кәсіби бағыт беретін «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленіп жатыр. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектептердің» ең басты ерекшеліктерін атады.

Ғани Бектайұлы Бейсембаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Жобаның негізгі басымдықтарының бірі — оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленуде. Платформа оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім беру жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі. Мектеп — бұл қазіргі заман баласының қажеттілігіне толық жауап беретін, тек білім беріп қана қоймай, өмірлік жол сілтейтін жаңа буын келешек мектеп моделі. Ол білім сапасын арттыруға, қауіпсіз әрі қолайлы орта құруға, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған жүйелі өзгерістердің бастауы болмақ, — деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндеге брифингте.

Оның айтуынша, жоба аясында барлық мектептерде интернет желісіне кемінде 100 Мегабит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, медиатека, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған. 

— Оқушыларды еңбекке баулу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ақпараттық технология (ІТ), ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған, — деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі «Жайлы мектептердің» ең басты ерекшеліктерін атады. 

Соңғы жаңалықтар