Оқушылардың үшінші тоқсанда қай пәндерді оффлайн оқитыны белгілі болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова елорданың оқушылары үшінші тоқсанда оффлайн оқитын пәндерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқушылардың үшінші тоқсанда қай пәндерді оффлайн оқитыны белгілі болды

«11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталады. 1-5 сынып оқушылары кезекші сыныптар режимінде оқуды жалғастырады. Cонымен қатар, III тоқсанда бітіруші 9 және 11 (12) сынып оқушылары аралас форматта 15 адамнан аспайтын кезекші сыныптар режимінде оқуды бастайды деп жоспарлануда. Әрине, нақты шешім ең алдымен қаламыздағы эпдемиялогиялық жағдайға байланысты болады», - деді басқарма басшысы бүгінгі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша оффлайн өтетін сабақ кестесіне: қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, орыс тілі мен әдебиеті кіреді.

«Сондай-ақ пәндердің 30%-ы қашықтан оқытылады. Атап өтетін болсам: информатика, өзін – өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытылады. Ал вариативті компоненттің пәндері кестеге сәйкес асинхронды түрде жүргізіледі», - деді ол.