ОЛИМПИАДА -2012: Ел қоржыны алғашқы қола жүлдемен толықты - оныншы күннің қорытындылары

АСТАНА. 7 тамыз. ҚазАқпарат - Төртжылдықтың ең басты бәсекесі өз мәресіне таяп келеді. Енді бірер күннен кейін Лондон Олимпиадасы да тәмамдалмақ.
None
None

Қазақстанның саңлақ спортшылары, жігерлі күрес пен асқақ жеңістерге толы Ұлттық Рухымызды паш етіп келеді. Дүркін-дүркін жеңістерге жетіп, алты бірдей «алтын» медаль олжалаған Қазақ елінің спортшылары кешегі күнгі додада тағы бір жүлдені қоржынымызға салды. Осы жолы боз кілемде күш сынасқан грек-рим күресшілері ел қазынасын алғашқы қола жүлдемен толтырды. Даниял Гаджиев ХХХ жазғы ойындар барысында грек-рим күресінен Олимпиада «қоласын» жеңіп алды. 84 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан отандық спортшы болгариялық Христо Диянов Мариновты тізе бүктірген еді. Алайда ширек финалда ресейлік Алан Хугаевтен жеңілген болатын. Бірақ жұбаныш белдесуіне шыққан ол беларусьтық Алим Селимовті ұтып, Олимпиада «қоласы» үшін күресуге мүмкіндік алды. Олимпиаданың қола медалі үшін өткен тартысты белдесуде біздің спортшы грузиялық Владимир Гегешидзеден 2:1 есебімен басым түсті. Даниял Гаджиев Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында туған. Ол Дәулет Тұрлыхановтың күрес мектебінде жаттығады. Лондон лицензиясын елордада өткен азиялық турнирде ұтқан еді.

«Қола» медаль алу мүмкіндігі отандық балуанымыз Алмат Кебісбаевта да болған еді.  Бірақ соңғы шешуші айқаста Олимпиада «қоласы» Алматтың қолынан сусып кетті. Ол белдесуде Алмат Кебісбаев жапондық Рютаро Мацумотоға ұтылды. Алғашқы айналымда Алмат украиндық қарсыласы Ленур Темировты айқын басымдықпен жеңсе, 1/8 финалда венесуэлалық Люис Игнасио Лиендоны 2:1 есебімен ұтқан еді. Ал 60 келі салмақ санатында ширек финалдық белдесуде ирандық палуанға есе жіберген А.Кебісбаев Олимпиаданың қола медалі үшін күресуге мүмкіндік алған-ды. Өйткені, ширек финалды біздің спортшыға еш мүмкіндік бермеген иран палуаны Омид Хажи Нороози жартылай финалда жапондық қарсыласын ұтып,  ақтық бәсекеге жолдама алған болатын. Сондықтан Алматқа 60 келі салмақ санатында Олимпиада қола медалі үшін белдесуге мүмкіндік туды. Міне осы жұбаныш белдесуінде болгариялық Иво Серафимов Ангеловты ойсырата ұтқан Алмас жапондыққа есе жіберді.

1987 жылдың  12 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында дүниеге келген бұл балуанымыз қазіргі уақытта елорда атынан өнер көрсетеді. Ол Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жеңімпазы, Иван Поддубный атындағы Гран-придің иегері, Мәскеуде өткен әлем чемпионатының күміс, Ыстамбұлда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Ал Қазақстан Туы сеніп тапсырылған Нұрмахан Тінәлиев артылған үмітті ақтамады, алғашқы кездесуінде-ақ швед балуанынан ойсырай ұтылды. 1/16 іріктеу белдесулері бойынша өткен жекпе-жектің қорытынды есебі - 3:0. Еске салайық, дәл осы спортшы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанатында Қазақстан намысын қорғауға Лондонға аттанған отандық спортшылар делегациясының көшін бастап, еліміздің Көк байрағын алып жүрген болатын.

БОКС. Олимпиада ойындарында бокстан 75 келі салмақ санатында Қазақ елінің намысын қорғайтын Марина Вольнова ширек финалда британдық Саванна Маршалмен жұдырық түйістірді.

Азулы қарсыласынан еш ықпаған Марина алғашқы 2 раундты 7:7 есебімен тең аяқтаған болатын. Дегенмен, соңғы екі кезеңде барын салған біздің былғары қолғап шеберіміз үшінші кезеңді - 3:1, ал төртінші раундты 6:4 есебімен аяқтады. Осылайша Марина жартылай финалға жолдама алды.

Естеріңізге сала кетейік, Марина 1/8 финалда кениялық  Элизабет Андиегоны айқын басымдықпен ұтып, келесі айналымға жолдама алған болатын.

1989 жылы шілдеде Қызылорда қаласының Қазалы қаласында дүниеге келген Марина бокспен 6 жасынан бастап айналысады. Осы уақытқа дейін зор жетістіктерге де жетті. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Бокстан еліміздің төрт дүркін чемпионы, 2010 жылы Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Марина ширек финалда АҚШ боксшысы 17 жастағы Кларесса Мария Шиелдспен жұдырық түйістіреді. Шаршы алаңдағы кездесу 8 тамыз күні Астана уақыты бойынша 19-30-өтеді.

Ал Ғани Жайлауов 1/4 финалда кубалық қабылан Иасниер Толедо Лопезге есе жіберді. Біздің былғары қолғап шеберіміз барын салып жұдырықтасқанымен кубалық боксшыға 11:19 есебімен есе жіберді. Есте болса, Ғани  29 шілде күні өткен алғашқы жекпе-жегінде тай боксшысы Сайл Ардиді жарыс жолынан шығарса, одан кейін 1/8 финалда Үндістан спортшысы Джай Бхагванға қарсы шығып, 16:8 есебімен басым түскен болатын.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА. 100 метрге кедергімен жүгіруде қазақстандық жеңіл атлетші қыздар ширек финалға өте алмады. Анастасия Пилипенко, Наталья Ивонинская, Анастасия Сопрунова алғашқы раундта өз топтарынан шыға алмады. Анастасия Пилипенко өз тобында 13,77 секунд уақыт көрсетіп, 5-орын алса, Наталья Ивонинская мәреге 13,48 секундта келіп, топта тек 7-орынға орналасты. Ал Анастасия Сопрунова 13,40 секундпен 4-ші сатыға жайғасты.

Тағы бір желаяғымыз Виктория Зябкина жартылай финалға шыға алмады. Лондон Олимпиадасында 200 метр қашықтыққа жүгірген жеңіл атлет Виктория Зябкина өз тобында жетінші болып мәреге жетті. Оның көрсеткіші - 23,49 сек. Ал жеңімпаздар одан тек 1-2 секундқа ғана озып кетті.

ЕСКЕК ЕСУ. Лондонда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 1000 метрлік қашықтықта каноэ есуден қазақстандық ескекші Александр Дядчук финалға шықты. Жартылай финалда біздің спортшы көшбасындағы германиялық ескекшіден 1 минут 04.60 секундқа қалып қойып, мәре сызығын ең соңғы болып кесті. Дегенмен, келесі топтағы ескекшілерден уақыт көрсеткіші жоғары болғандықтан, финалға жолдама алды.

1000 метрлік қашықтыққа ескек есуден қазақстандық спортшылар Алексей Дергунов пен Евгений Алексеев те ел үмітін ақтап, финалға жолдама алды. Жартылай финалдық жарысты біздің спортшылар өте жақсы бастады: алғашқы 250 метрлік дистанцияда  Алексей мен Евгений үшінші орыннан көрініп, тіпті екінші орынға да суырылып шықты. Бірақ соңғы кезеңде төртінші орынға түсіп, 3:17 минут көрсеткішен финишке келді. Осылайша, Канада құрамасын ұтқан қазақстандық ескек есушілер негізгі қарсыластары - Швеция, Австралия және Жаңа Зеландиямен бірге финалға шықты. Оның нәтижесі ертең, тамыздың 7-сі күні белгілі болады.

СУ ДОБЫ. Қазақстанның су полосы бойынша құрама командасы соңғы ойында да жеңілді. Бұған дейін «А» тобында өнер көрсеткен біздің спортшылар Испания (4:6), Австралия (4:7), Греция (4:11) және Италия (6:9) құрамаларына есе жіберіп, бүгін осы топтың көшбасшысы Хорватия командасынан 4:12 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша, жерлестеріміз бірде-бір рет жеңіске жете алмай, үйге қайтатын болды.

СИНХРОНДЫ ЖҮЗУ. Қазақстандық синхроншылар Әйгерім Жексембинова мен Анна Кулькина Лондонда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 15-ші орынмен аяқтады. Қос бағдарлама бойынша өткен жарыста қазақстандық жұп жалпы 169,580 ұпай жинады. Айта кетейік, отандық спортшы қыздар осы көктемде Лондонда өткен біліктілік турнирінде техникалық және ерікті бағдарламалардың қорытындысы бойынша 14-ші орынға ие болды. Анна мен Әйгерімнің аталған жетістіктері оларға әлемнің үздік 24 жұбымен бірге Лондон Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік берген еді.

Енді Олимпиаданың жарыстан тыс жаңалықтарына құлақ түрейік. Дода барысында кеше жұртты елең еткізген бірнеше мәлімдемелер жасалды. Оның бірі ауыр атлетикадан Қазақстанның бас бапкері Алексей Нидің қызметінен кету туралы мәлімдемесі. Шыны керек, бұл жаңалықты естігенде барша ел «бұл қалай болды» деп есенгіреп қалды. Бұл заңды да, себебі Алексей Ни Қазақстанның ауыр атлетиканың енді ғана дүркіреген биіктеріне жете бастаған шағында команданы тастап кетемін деуі түсініксіз болып қалды.

«Менің кеткенім дұрыс болады. Мен бес Олимпиада, 15 әлем чемпионатында болдым. Жастарға жол беретін уақыт келді», - деді ол.

Алексей Нидің айтуынша, Қазақстанда ауыр атлетика бапкерлерінің мықты мектебі қалыптасты. Ал Илья Ильин туралы сұраққа жауап берген Алексей Ни, қазақстандық ауыр атлет келесі Олимпиада ойындарында да алтын жүлде алатынына сенім білдірді. «Қазір ол 24-те, екі Олимпиаданы жеңді. 28-ге келгенде үшіншісін ұтады. 28 жаста оның дарыны толық ашылады деп ойлаймын», - деді Ни.

Көп кешікпей бұл мәлімдеменің соңынан ауыр атлетика бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни өз қызметінде қалуы мүмкін деген Қазақстанның спорт шенеуніктерінің де ресми жауабы да жарияланды. Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы басшысының міндетін атқарушы Алексей Крючковтың айтуынша, бұл Нидің асығыста жасалған мәлімдеме болуы ықтимал.

«Меніңше, бұл мәселе туралы айту әлі ерте. Алексей Ни келгеннен кейін біз оны тыңдап, оның отставкаға кету жөніндегі мәлімдемесінің себеп-салдарын білетін боламыз. Қазір бұл туралы нақты бір нәрсе айту қиын. Себебі ондай жағдайлар болады: бапкерлер толқып тұрып, өз қызметін аяқтаймын деп жатады. Бірақ демалып, өз қалпына келгеннен кейін жұмысты жалғастырады. Сондықтан дәл қазір нақты бір шешімдер жасамай-ақ қоялық», - деді А.Крючков. Алайда айтылған атылған оқпен тең. А.Нидің құрама басшылығында қалуы не қалмауы енді оның елге оралғанынан кейін белгілі болады.

Өз кезегінде Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Илья Ильинның арқасында Лондон Олимпиадасында ауыр атлетика бойынша алған алтын медальдарының саны жағынан Қазақстан Қытайдан кейін екінші орынға қол жеткіген. Осы уақытқа дейін Қытайдың атлеттері 5 алтынға ие болса, Қазақстанның зілтеміршілері 4 медальмен екінші орынға орналасты. Ал 3 алтынға ие болған Солтүстік Корея үздік үштікті тұйықтап тұр.

Тіпті ауыр салмақта өнер көрсеткен атлеттер Илья Ильиннің рекордына жете алмауда. 105 келі салмақта ең үздік көрсеткіш - 412 келі. Ал Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, қазақстандық атлет И.Ильин (94 келі) күні кеше ғана 418 келіні бағындырып, әлемдік рекордты жаңартқан болатын. Айта кетейік, 105 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық Александр Зайчиков 12-ші орыннан көрінді.

Тіпті Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильин докторантураға түскелі тұр, осылайша ол ауыр атлеттердің ақылы қысқа деп қалыптасып кеткен пікірді бұзуға ниетті.  Иә, шын талант деген міне осындай ерек болып туса керек. Зілтеміршіміз Спорт және туризм академиясының докторантурасына тапсырыпты. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы барысында мәлім болды.

Білім беру гранттары қарастырылған комиссия отырысы барысында Лондонда өтіп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның қоржынына «алтын» әкелген, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильиннің де талапкер екендігі белгілі болды. Сөйтсек, ауыр атлеттен ел намысын қорғап, мемлекеттің айбарын асырған Илья Спорт және туризм академиясының докторантурасына тапсырыпты. «Бұл академияның докторанты Илья болмағанда кім болады?! Сондықтан, біз оны барлық жағынан қолдаймыз. Оны алақанда салып жүруге дайынбыз. Себебі, ол ұлтымыздың үлкен мақтанышы!», - деді министр Бақытжан Жұмағұлов жиын барысында.

Ал Лондон Олимпиадасында бірде-бір жүлде ала алмаған дзюдодан ұлттық құрамаға енді шетелден мамандар тартылуы мүмкін. Оны аға бапкер Жексенбай Саламатов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Олимпиададағы дзюдошылар 7 салмақта қатысты. Өкінішке орай бізге жүлде бұйырмады. Онда әлемдік рейтингтің көшбасшысы Максим Раков (100 кг.) чемпион, ал Сергей Лим (66 кг) мен  Ринат Ибрагимов (73 кг) жүлдегер болады деп үміт күткенбіз. Максим алғашқы айналымда Әзірбайжан балуанына ұтылып қалды. Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысып отырғандықтан психлогиялық тұрғыдан күйіп кетті деп ойлаймын. Үздік сапынан көрінген 3 балуанды да ол бұған дейінгі жарыстарда жеңіп жүрген болатын», - дейді Ж.Саламатов. 
Аға бапкердің айтуынша, енді Олимпиада ойындарынан кейін барлық жаттықтырушылар жиналып құрама  ойынына  талдау жасамақ. Онда алдағы жұмыс жоспары ойластырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ келісімшарт арқылы итальяндық бапкермен жұмыс жасаған Ресей құрамасының тәжірибесі қаралмақ. КСРО тарағаннан кейін онда дзюдодан бірде-бір олимпиада жеңімпазы шықпаған еді, биыл олар 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалап отыр. Енді   Қазақстан да шетелдік мамандарды тарту мәселесін қарастырмақ. Ләйім, қадамдары жеңісті күндерге жеткізсін.

Соңғы жаңалықтар