Олжас Бектенов: Өрттен қаза тапқандардың дені — зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында бір айдың ішінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылауды тапсырды.

— Қалыптасқан жағдай өрттің басым бөлігі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде болатынын көрсетіп отыр. Мәселен, өткен жылыту маусымында өрттен қаза тапқандардың дені — зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар, — деді үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік тұрғыда осал топтардың баспанасын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
— Өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен және Еңбек министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылауды тапсырамын.
Өңір әкімдіктері осы санаттағы адамдардың үйлерін ерекше бақылауда ұстап, оларға қажетті қолдау көрсетсін, — деді Премьер-министр.
Айта кету керек, Үкіметтің бүгінгі отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары пысықталып жатыр.