Олжас Бектенов вандализмге қарсы бақылауды күшейтуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне табиғи ескерткіштердің қорғалуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Олжас Бектенов вандализмге қарсы бақылауды күшейтуді тапсырды
Фото: Астана әкімдігі

Өз сөзінде Үкімет басшысы Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтаудың және вандализм әрекеттері үшін жазаның бұлтартпастығын атап өтті.

— Табиғи ескерткіштер мен инфрақұрылымға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру қажет. Ішкі істер министрлігіне осы бағытта бақылауды күшейтуді тапсырамын. Вандализмнің кез келген түріне жауапкершілік қаралған. Жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтау тұрғысынан жүргізілуге тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Айта кетейік, бүгін Үкімет туризмді дамыту мәселелерін талқылады.Қазақстанның 124 вокзалы жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынып жатыр.

Қазір Көкшетау, Бурабай курорты, Қонаев, Көктума, Ақши, Манкент, және Балқаш-2 вокзалдарында жұмыстар аяқталды.

Сұраныстың артуына байланысты елдегі туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз жүре бастайды.