Омбы зауытына шабуылдан кейін Павлодар МӨЗ қалай қорғалады
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі Ресейдегі Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдардың Павлодар мұнай өңдеу зауытының қауіпсіздігіне әсер етпейтінін мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, стратегиялық нысандар тұрақты бақылауда, мұнай өнімдерін жеткізудің баламалы бағыттары да қарастырылған.
— Жуырда Ресейдің Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылдардан кейін шекаралас жатқан Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіле ме? Бүгінде бұл стратегиялық нысан қаншалықты қорғалған?, — деп сұрақ қойды тілшілер Үкіметте өткен брифингте.
Өз жауабында вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев еліміздегі энергетикалық тізбекке кіретін барлық нысан, яғни мұнай өңдеу зауыттары мен жылу электр орталықтары стратегиялық нысандар саналатынын атап өтті.
— Сондықтан олардың барлығы тұрақты күзетпен қамтамасыз етілген. Тиісті қауіпсіздік шаралары әлдеқашан қабылданған. Бұл тек қазіргі жағдайға байланысты емес. Мұндай нысандар қауіпсіздік тұрғысынан әрдайым ерекше бақылауда болады, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Сонымен бірге, шабуыл салдарынан Ресейден келетін мұнай өнімдері азайса, Қазақстан тапшылықтың орнын қалай толтырады деген сауал қойылды.
— Мұнда нақтылай кету керек: біз негізінен Ресейден дизель отыны мен авиациялық отын сатып алып келдік. Қазіргі уақытта елімізде қажетті теңгерім қалыптасқан. Оған қоса, біз мұнай өнімдерін жеткізудің баламалы бағыттарын дамыту жұмыстарын бұрыннан жүргізіп келеміз және бұл жұмыс Энергетика министрлігінде жалғасып жатыр, — деді вице-министр.
Бұған дейін Қ. Тұтқышбаев Қазақстан Ресейге гуманитарлық көмек жібереді деген ақпаратты терістеген еді.
Қазіргі таңда көрші елдерге жанар-жағармай жеткізу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.