Омбыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдігін ашу жоспарда бар — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарда бар. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне жарияланған мақаласында жазды.

«Қазір Ресейдің оқу орындарында Қазақстаннан барған 60 мыңға жуық студент білім алып жүр. Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын, ал Омбыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігін ашу жоспарымызда бар. Елімізде 3500-ден астам мектеп Пушкин тілінде білім береді, телеарналар мен радиостанциялар хабар таратады, газеттер мен журналдар шығады. Барлық дерлік өңірде көрерменнің көзайымы болып жүрген орыс драма театрлары бар. Біздің ел Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерді», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің атап өтуінше, ұйым орыс тілін қолдау және оны насихаттау үшін ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту мәселесімен айналысатын болады.
«Бұл қадам халықтарымыздың арасындағы достықты, тату көршілікті, этносаралық келісімді, өзара түсіністік пен сенімді нығайта түседі деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей көп полярлы әлем, бейбіт диалог, барлық мемлекеттердің егемендігін құрметтеу сынды идеяларды дәріптеп, халықаралық аренада өзара табысты қарым-қатынас жасап отырғанына назар аудартады.
«Екі елдің жаһандық және аймақтық деңгейдегі көптеген мәселеге қатысты ұстанымы үндес. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясындағы тығыз ықпалдастық — соның айқын дәлелі. Биыл шілде айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Онда „Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік“ туралы декларация қабылданды. Бұл құжат ұйымның Еуразияда жаңа, біртұтас және бөлінбес қауіпсіздік архитектурасын құруға ықпал ете алатынын айғақтайды. Қазан айында Мәскеу қаласында ТМД-ға мүше елдердің мемлекет басшылары кеңесі отырысының өткізілуі биылғы маңызды оқиғаның бірі болды. Басқосуда тараптар өзара тиімді әрі жан-жақты ықпалдастықты дамытуға мүдделі екенін атап көрсетті», — деді Президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің шақыруымен Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатынбыз.