Омбыдағы Ш. Уәлиханов көшесінде Арбат демалыс орны ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Енді Омбы тұрғындарының өз Арбаты бар. Омбылықтардың жаңа демалыс орны Шоқан Уәлиханов көшесінен орын тепті.

Омбыдағы Ш. Уәлиханов көшесінде Арбат демалыс орны ашылды

Көшені бір жыл бойы жаңартты: үш жарым шақырым коммуникацияны ауыстырды, жақын орналасқан ғимараттарға өткен жылдар дәуірін еске салатын ерекше әр беріп, көріктендірді. Жаңа жүргінші аймағының ашылу рәсімі қала күні қарсаңында өтті, деп жазады express-k.kz.

Омбылық Арбаттың ұзындығы бір шақырымнан асады. Бұл жерге жаңа шамдар ілініп, орындықтар қойылды, ландшафт дизайны көз тартады. Орынның тарихи мәнін ашатын басты белгі - Шоқан Уәлихановтың ескерткіші. Ғалым, жиһангез, географ Шоқанның бейнесі омбылықтарға жақсы таныс. 2014 жылғы қаңтарда бұл жерге Уәлиханов ескерткіші қалай орнатылғаны қалалықтардың әлі күнге жадында.

«Бұған дейін қатты аяздар болса да, сол күні ауа райы ерекше жылы болды, - деп есіне алды жергілікті тұрғын Валентин Пекарев. - Алдымен бұл жерге тас төселген еді, соден кейін ескерткіш орнатылды. Оны бізге Нұрсұлтан Назарбаев сыйға тартқан, сол үшін алғысымыз шексіз. Монумент жанында Уәлиханов білім алған кадет корпусы бар».

Жақын күндері омбылық Арбатқа жұмыс сапарымен Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев барған болатын. Өңір басшысы жергілікті көрікті жерлерді тамашалады, атақты жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

«Шоқан Уәлиханов көшесінде біздің консулдығымыз орналасқанына қуаныштымыз», - деді Омбыдағы Қазақстанның вице-консулы Ұлан Әбдібеков.