Өндірістік фильтр шикізатын өзіміз өндіруге тырысып жатырмыз – «Алтын сапа» жеңімпазы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан кәсіпкерлері үшін басты кәсіби оқиға саналатын «Алтын сапа» байқауында биыл «Жылдың үздік тауары» номинациясын «АЗИЯФИЛЬТР» компаниясы жеңіп алды. Компанияның жетекшісі әрі негізін қалаушы Индира Нұрлан өндірістегі жетістіктері мен саладағы жаңа үрдістер туралы баяндап берді.

Өндірістік фильтр шикізатын өзімізде өндіруге тырысып жатырмыз – «Алтын сапа» жеңімпазы
Фото: видеодан алынған скрин

Бизнес өкілінің айтуынша, республикалық деңгейдегі марапат компания үшін тек кәсіби баға емес, ұжым жұмысына берілген үлкен қолдау.

– Ең бірінші сезім – қуаныш. Ал ең бастысы – еңбегіміздің еленуі. Команданың қуанышын көргенде бұл жеңістің біздің ортақ жетістік екені сезіледі, - деді Индира Нұрлан Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin LIVE» бағдарламасында сөйлеген сөзінде.

Кәсіпкердің айтуынша, компания үш жыл қатарынан «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде өндіріс өңірлік деңгейден асып, бүгінде Қазақстанның барлық аймағына шаң мен газ тазарту, желдету және сұйықтықты сүзу жүйелеріне арналған өнеркәсіптік сүзгілерді жеткізеді. Цемент өндірісі, энергетика, металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда көмегі зор. Ақмола облысы, Бурабай ауданында орналасқан зауытта шамамен 50 адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жастар. Кәсіпорын жылына шамамен 150 мың өндірістік фильтр шығарады және өнімді Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттайды.

Ол өңірлік кеңею жоспарларына тоқталып, өндіріс вертикалды интеграцияға бет бұрғанын айтады. Оның ішінде фильтрге қажетті шикізатты өз елімізде жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

– Біз фильтрді ғана емес, шикізатқа дейінгі кезеңді игеруге тырысудамыз. Бұл технология негізінен Еуропада дамыған, Қытайда да бар. Алдағы осындай өндірісті өз елімізде қалыптастыру ойымызда бар, - дейді ол.

Кәсіпорын басшысы жастарды шетелдік компанияларда тәжірибеден өткізуге басымдық беретінін, ал басты мақсат – отандық өндірістің бәсекеге қабілетін арттыру екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үздік кәсіпорындарды түрлі номинациялар бойынша марапаттағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар