Өндірістік жарақат алған адамға өтемақы қалай есептеледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жұмыс орнында жазатайым оқиға тіркелсе жұмыс беруші 24 сағат ішінде аймақтардағы еңдек инспекциясы департаментіне хабарлама беруге міндетті. Ал өтемақыны төлеу тәртібі комиссия шешімінен соң анықталады.

Резкое понижение температуры привело к травмам из-за гололеда в Павлодаре
Фото: Артём Викторов / Kazinform

Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімшарт Еңбек кодексі негізінде жасалады.

Еңбек кодексінің 19, 20 тараулары, яғни, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды ұйымдастыру, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және есепке алу бойынша реттеледі.

— Еңбек кодексінің 187 бабы 2 бөлігіне сәйкес 24 сағат ішінде аумақтық өкілетті органдарға хабарлама беруі тиіс. Әрі қарай үш күн ішінде зардап шеккен жұмысшының алған жарақаты туралы қорытындыны тапсырады. Қорытындыда өндірістік жарақаты ауыр дәрежеде деп көрсетілген жағдайда аумақтағы еңбек инспекциясы департаменті арнайы тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін комиссия құрады. Әрі қарай тергеп-тексеру жұмысы жүреді. Егер жарақаты орташа және жеңіл деп көрсетілген болса, жұмыс берушінің өзі арнайы емес тергеп-тексеру жұмысын жүргізеді. Тергеу кезінде бұйрыққа сай құжаттар жиналады. Еңбек кодексінің 186-бабы 2-бөлігінде көрсетілгендей, еңбек өтіліне қатысы бар, еңбек өтіліне қатысы жоқ деген шешім шығарады. Комиссияның төрағасы мемлекеттік еңбек инспекторы болады. Жұмыс беруші тараптан бір, жұмысшы тараптан бір адам қосылып, тергеп-тексеру жүреді. Зардап шегушіден, куәгерлерден, басшыларынан сұрайды, жауап алады. Екі шешімнің бірі шығарылады. Бұл Еңбек кодексінің 190-бабында көрсетілген. Комиссияның әр мүшесінің дауыс беруге құқығы бар, — деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаменті еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Омар.

Жазатайым оқиға еңбек өтіліне қатысы бар және қатысы жоқ деп екіге бөлінеді.

Мәселен жұмыс уақыты кезінде жеке шаруаларымен шығып кетіп мертіксе, мас күйінде болса, өз ажалы келіп өлсе (инсульт, инфаркт алса), өз денсаулығына қасақана зиян келтірсе ол еңбек өтіліне қатысы жоқ жағдай. 

Бәрі де медициналық қорытынды кезінде анықталып, расталады. Қалған кезде жұмыс уақытында, жұмыс берушінің тапсырмасымен жүргенде жарақат алса, еңбек өтіліне қатыса болады.

Егер еңбек өтіліне қатысты зардап шеккен болса пайыздық үлес шығарылады. Жұмыс берушінің, жұмысшының қанша пайызға кінәлі екені анықталады.

Комиссия шешіміндегі пайыздық үлестің есебі өтемақы төлеміне әсер етпейді. Комиссия қатысы бар деп шешім шығарғаннан-ақ өтемақы толық төленеді.

Комиссия үш күнде тергеп-тексеруді аяқтап, жазатайым оқиғаның актісі шығады. Оны жұмыс беруші шығаруға міндетті.

Құжаттың бір данасын сақтандыруға, екіншісін мемлекеттік инспекцияға, үшіншісін зардап шеккен адамға немесе өкіліне ұсынады.

— Кейін өтемақы төленеді. Оны жұмыс беруші тарап есептейді. Еңбекке жарамсыз уақытындағы шығыны, ауруханадағы ем шығыны өтеледі. Қазір еңбекке жарамсыздығы туралы демалыс төрт айға беріледі. Кейін сараптама орталығы қорытындысын шығарады. Егер жұмысқа жарамдылығы 29% дейін болса жұмыс беруші өтемақы төлейді, ал жарамдылығы 30% жоғары болса сақтандырушы төлейді. Себебі жұмыс беруші жұмысшыны сақтандырып қояды, — деді Еркебұлан Омар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде әуежайда қол жүгіне қатысты жаңа ережелер енгізілді. 

Соңғы жаңалықтар