Өнерге ғашық жан еді: әнші Майра Жүрсінова туралы бір үзік сыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Табиғи дарын иесі, танымал әнші Майра Жүрсінованың өнері мен өмірі жайлы біреу білсе, біреу білмес. Сол себепті өнер иесі туралы сөз қозғасам деймін. Тоқсан жылдық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорында» небір әнші-күйшілердің шығармалары бәз-баяғы қалпында сақтаулы. Солардың ішінде ел ішінен шыққан тұнба дарын иелері қаншама!
Кешегі Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев, Серғали Әбжанов, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова және Рахия Қойшыбаевалар өмір сахнасынан дәріс алып, тыңдағанды көкейге тоқу, зеректікпен есте сақтау арқылы ән құдіретін бойына дарытқан саңлақтарымыз еді. Ал осы майталмандардың соңынан ерген, алдыңғы буын ағалардың өнерінен сусындаған, ұқсап баққан тамаша әншілеріміздің есімін өздеріңіз әуе толқынынан әлденеше тыңдаған да боларсыздар.
Бір кезде Шығыс Түркістаннан қоржыны әнге толы Әмина Нұғыманова атамекенге келіп, небір біз білмейтін халық әнін тыңдаушысына жеткізсе, Шыңғыстаудан келген ақынымыз Тұрсынхан Әбдірахманова тамылжыған әндерін әуе толқынынан орындап, үнтаспаға түсірді. Әсіресе егіз қозыдай бір мезгілде аты шыққан Майра Жүрсінова мен Сәжида Ахметованың әндерін айтсаңызшы!
Бірде мен «Рахат» теледидары арқылы тікелей эфирге шықтым. Қоңыраулар толастаған жоқ. Солардың бірінде бір ер адам: «Қазақ радиосының музыка редакциясында қызмет етсең, жас кезімізде сүйсініп тыңдайтын әншілеріміз - Сәжида Ахметова мен Майра Жүрсінова жайлы хабар ұйымдастырмайсыңдар ма?- деп өтінішін білдірген еді. Сол ой мені әркез мазалайтын.
Майра Жүрсінова көзі тірісінде Қазақ радиосының «Алтын қор» бөліміне келіп ұзақ сырласты, бұрынғы жазып қалдырған алпыс шақты әнін тыңдап, жастық шақты сағынышпен еске алды. Біз де «мен бармын» деп өзі келген әншімізді сөзге тартып, әңгімесін үнтаспаға жазып алдық. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» демекші, бойшаң келген келісті жанның жас кезіндегі келбеті көз алдыма келді. Шындығында да өнер үшін жаралған жан екен.
Мен Майра Жүрсінованы алғаш көргенде «әкем сіздің әніңізді сүйіп тыңдайтын еді» деп қуанышымды жасыра алмадым. Сол бала кездегі есте қалған әсер жадымда жазылып қалғандай.
Жылдар өткен сайын сағынышқа айналған әсем әндер тыңдаушының өткенін аңсатып, сезім қылын шертетіні бар. Тамаша әндерді тамылжыта жеткізе білген табиғи дарын Майра Жүрсінова өзі жайлы айтып беруін өтінгенімізде әңгімесін былайша бастаған еді:
Майра: Арқаның әндерін сүйіп айтамын.Әкем Нұрбек арқаәндерін сүйіп орындайтын. Анам Зағи да әнші еді. Тереңнен тамыр тартқан өнер ғой бұл. Бауырларым да әнге құмар. Бәрінің әу дейтіні бар.
Алтын: Қазақ халқы ежелден әйелдің жуан, ер адамның жіңішке дауысын қатты бағалаған болса, сол қоңыр дауысты әншілеріміздің бірі - Майра Жүрсінова ішкі жан сезімін әнге қосып, иін қандырып орындай білген жақсы әншілеріміздің бірі. Ән қандай, әнші қандай демекші, Майраның сазды да назды әндері өз кезінде тыңдаушы көңілінен шықты.
Майраның алғаш Қазақ радиосының келуінде де бір сыр. Әдебиет бөлімінің редакторы Баянжан Мәдиев «дауысыңды тыңдатайық, көркемдік кеңеске келсең қайтеді» дегеннен соң Майра өз бағын сынау үшін өтінішін орындап, әділқазылар алқасына «Майраның» әнін орындап береді, белгілі концертмейстер Наталья Александровна Борисова бірден әншіні сүйемелдей жөнеледі. Көпшілік ішінде вальс королы Шәмші және бірнеше ақын, музыканттар отырған. Майра Жүрсінованың әні көпшілікке бірден ұнайды. Осыдан соң ол Қазақ радиосының фонотекасына жұмысқа қабылданды. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен Ілия Жақанов Майраның дауысына лайықтап бірталай ән жазды, әншінің зеректілігіне қызықты, жаңа әнді бір айтқанда қағып алып үнтаспаға жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні рас. Тағы да сұхбатқа кезек берсек:
Алтын: Майра апай, кейбір кездерде «шіркін-ай, мен неге өнер жолына түспедім, алатын асуым биік еді ғой?» деген өкініш болды ма?
Майра: Жастардай мен де сайрандап жүргім келді, бірақ балалы-шағалы болғаннан кейін аналық парызымды атқаруым керек, негізгі жұмысыммен айналыстым...
Алтын: Аз уақыт Қазақ радиосында еңбек еткен ол университеттен алған білімін жалғастырып, Қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясы жанынан ашылған Тіл білімі институтында ғылыми қызметкері ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, ұлттық білім саласына өз қолтаңбасын қалдырды, жүрегі ән салып тұрған өнер иесі ойын-сауықта, дүбірлеген той-думандарда өз ортасының гүлі, әннің еркесіне айналды.
Бір кезде Қазақ радиосының әуе толқынынан әншілеріміз тікелей ән шырқаған, ол кезде жазып алар үнтаспа әлі шыға қоймаған кез. Майраның да осындай тікелей әуе толқынына ән салған сәттері болды.
Майра: Қазақтың Левитаны болған Әнуарбек Байжанбаев тікелей талай концерттерімді жүргізген еді. Қазір жанды дауыспен айтуға тырысып жатыр ғой, енді. Сол дәстүрді қалар едім, әйтпесе әу дегеннің бәрі әнші емес. Мүмкін болса өз дауысыңмен айтқанға не жетсін!
Алтын: Әнші қазіргі эстрада жастарының фонограммамен ән орындағанына үзілді-кесілді қарсы. «Тер төгіп ән шырқамаған соң мауқың басыла ма?»-дейді ол. Әнші әнді не үшін айтады? Тыңдаушыны сүйсіндіріп, жанына жалау, көңіліне медеу болатындай әсермен орындап, рухын шаттандыру үшін айтпай ма?
Майра Жүрсінова осыны бала кезден түсінді, бұл қанмен келетін тектіліктің бойға даруы, есті әншінің көңілге түйген сыры еді.
Майра Нүрбекқызы 1971 жылы Мәскеу радиосына бірнеше ән жаздырады. Солардың ішінде Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің екінші түрі және «Ұйқыдағы ару» әндері сүйемелдеусіз орындалды
Алтын: Құрбыңыз Сәжида Ахметова екеуіңіз бір мезгілде өнерге келдіңіздер. Қазақ радиосының әуе толқынынан тамаша ән шырқаушы едіңіздер, ол кісі қазір қайда екен?
Майра: Сәжида бірінші дауыста, мен екінші дауыста ән айтатынбыз. Оның да өз тыңдармандары бар, өзі қандай сүйкімді болса, әні де сүйкімді. Ол кісі өзім сияқты зейнет жасындағы адам, Алматы қаласында тұрады.
Алтын: Ол кісінің қызы Ақмарал Қайназарова үнді биін қазақ даласына жеткізуші ретінде танылды. Ананың ақ сүтімен келген өнер болар. Ал өз балаларыңыздың ішінде өнер қуғандары бар ма?
Майра: Ұл-қызым ғылым саласында. Тоғжан деген немерем бар. Мен сол ұрпағымнан үміт күтем.
Алтын: Өнер де ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні рас. Майра Жүрсінованың келешегінен үміт күтер Тоғжан деген немересі алла бұйыртса әжесінің жолын қуар деген сенім бар. Ол талшыбықтай өскен ұрпақтың өз қалауына да байланысты.
Өнер жанашыры ретінде Майра Жүрсінова қазақ аспанында халқымыздың дәстүрлі әндері жиірек шырқалса деген тілегін де жасырмады.
Майра: Ендігі жастар дәстүрлі өнерге жақындау болса-шы! Дәстүрлі әндерді көп орындаса-шы! Дәстүрлі ән адамды жалықтырмайтын табиғи дүние ғой.
Біздің қазақ халқы өнерлі ғой. Сондықтан дәстүрлі әндердің ғұмыры ұзақ болсыншы деп тілеймін!...
Бұл әнші Майра Жүрсінованың көзі тірісінде берген соңғы сұхбаты еді.
Әнші Майра Жүрсінова бақытты әншілеріміздің бірі. Оның Қазақ радиосының әуе толқынынан әлі күнге шырқалып жүрген алпыс шақты әні өмір жолының ізі, табиғи болмыстың белгісі десе де болғандай. Қыздарын әлпештеп өсірген ата-ана Нүрбек пен Зағи бір кезде ұрпағынан көп үміт күтті. Тереңнен тамыр тартқан киелі өнер ән боп іңгәлады, құс болып биікке самғады, Қазақ радиосының әуе толқыны арқылы қазақ даласын шарлады. Майраға бақ қонған сәт осы кез еді...
Отбасында құдай қосқан қосағы Нарбозы Ақайұлы екеуі ұрпағын жақсы тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Нарбозы Ақайұлы Ауыл шаруашылық министрлігінде көп жыл жемісті еңбек етті, Қазақстанның еңбек сіңірген зоотехнигі атанды.
Өмір бойы әсем әнді жанына серік еткен әнші Майра Жүрсінова Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының түлегі. Біз өр Алтайдың етегінде, туған жердің сұлу табиғаты аясында әсемдікке, өнерге ғашық бола білген жанды қазақ өнерінің жанашыры деуші едік. Көмейіне бұлбұл ұя салған дарынды әнші Майра Жүрсінова жуырда өмірден озды. Жалған дүние-ай десеңізші!.. Уақытша бір сарайдан фәниге озды. Артында тамылжыған әні, ұрпағы, игілікті істері қалды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қазақстанның Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі
Алтын Иманбаева