«Өнерге құштар балаға жол көрсетер ұстаз керек» - суретші Аманат Назарқұл

АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал суретші, монументалистік кескіндеменің шебері Аманат Назарқұлды жазушы Шыңғыс Айтматов Қазақстанның мәдени өміріндегі үлкен құбылысқа балаған екен. Біз талантты суретшінің балалық шағына оралып, оның сиқырлы қылқалам өнерін қалай меңгергенін, осы салаға келу жолына үңілмекпіз.
None
None

Аманат Тараз қаласында туып-өсті. Ол бала жастан спортқа әуес болды. «Динамо» спорт кешеніндегі еркін күрес, бокс үйірмелеріне қатысып, талабын шыңдап жүрді. Сурет өнеріне деген қызығушылық мектеп табалдырығын аттамай тұрып жүрегінен орын алса да, балалықпен оны елемепті. Негізгі мамандығым, кәсібім, өмірлік таңдаған сүрлеу-соқпағым - қылқалам мен кескіндеме болар деп әсте ойламаған. Бірақ бұл оның қанында бар қасиет еді. Нағашы атасы әулетімен ұста болған кісілер екен. Атасы жасаған ағаш бесікте Аманат пен оның бүкіл бауырлары тербетіліп өсті және ол бесік әлі де сақтаулы тұрған көрінеді.

Өкініштісі, жас баланың суретші болсам деген арман-талабына ешкім жете мән беріп, бағыт-бағдар бермеген, жол көрсетпеген. Бұл туралы өнер иесі былай деп әңгімелейді: «Бала кезімде пластилиннен түрлі формадағы мүсіндер жасағанды жақсы көретінмін. Ол дүниелерім бейнелеген жануарыма мүлде ұқсамаса да өзім соған мәз болушы ем. Кітап оқысам да алдымен жазылған сөздерді емес, суреттерін қарап шығатынмын. Келе-келе сурет салатын болдым. Әсіресе сұлу сәйгүліктерді, жайлаудың, таудағы тұмса табиғаттың пейзажын қағазға жиі түсіріп жүрдім.

Жазда Байзақ ауданындағы атамның ауылына барамын. Табиғаты тамсантады. Соны сол сұлу күйінде жеткізгім келіп, қағаз шимайлаймын. Салған суреттерім арқылы бала кезгі ауылдың көріністері, әсем табиғаты санамда да сол күйінде сақталып қалған. Мектепте қабырға газетін шығарып, адамдардың суретін айнытпай салатын, кез-келген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын маңдайалды оқушыға айналдым.

Бірақ менің бұл қызығушылығым үнемі жай ермек ретінде саналатын. Отбасымда, мектепте менің талабымды, ынта-жігерімді, өнерге деген құлшынысымды ешкім бағалаған жоқ. «Бүгін әуестенгенмен, ертең тастап, басқа маман иесі болады» деп сенді, мені де сендірді. Спортқа қатысты бір мамандықтың басын шаламын деп жүрдім. 10 сыныпта оқып жүргенде көзім жарақаттанып, ауруханаға түстім. Бәлкім, сол кезде көзімнен жарақат алмағанда, суретшілік қабілетім сол әуесқойлық деңгейде қалар ма еді, кім білсін».

Сол жылы Аманат көзінің сырқатымен аурухана жатқанда көрші палатада жатқан суретшімен танысады. Етене араласа келе өзінің арманын айтып, ақыл-кеңес сұрайды. Салған дүниелерін әлгі кісіге көрсетеді. Қарым-қабілетіне қатысты алғашқы кәсіби пікірді де сол беймәлім суретші Горбанев айтыпты. Одан кейін Алматыдағы сурет училищесінің студенті Рашид Карбетовпен танысып, өнер туралы пікір алмасты. Ол Аманатты кәдімгідей қанаттандырып, оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысуға кеңес берді. Ауруханада шыққан бетте жасөспірім бала үйірменің табалдырығын аттаған. Үйірме жетекшісі Зоя Филипповнаны суретші өзінің алғашқы ұстазы санайды. Жарты жыл осында дәріс алып, шеберліктің қыр-сырын үйренген соң Алматы көркемсурет училищесіне тапсырып байқады, бірақ түсе алмады. Аманат ең алдымен әкесінің алдында қатты ұялған еді. Өйткені әкесі таңдаған жолына келісімін бермеген болатын. Осы намыс отына өртенген бозбала бір жыл мұқият дайындалып, келесі жылы қайта тапсырды. Ол көп оқып, көп ізденетін. Танымын кеңейткен сайын училищемен шектелмей, Мәскеуге оқуға кетіп, білімін жетілдіре түссем деп армандай бастады. Бозбаланың ішкі тілегі сол сәтте періштенің құлағына шалынды ма, ол училищеге түсіп, оқып жүргенде Мәскеудегі И.Суриков атындағы бейнелеу өнері институтынан бір топ ұстаздар мен суретшілер келді. Олар бүкіл Одақты аралап, өздеріне шәкірт іздеп жүр еді. Соңғы кездері институтқа қаншама талантты студенттер қабылданғанымен, көпшілігі оқуды бітірген соң көпшілігінен нағыз суретші немесе мүсінші шықпайды екен. Нағыз майталман тек өнерге шын берілген дарынды адамнан шығады емес пе? Бұл Аманат үшін тамаша мүмкіндік болды. Оның суреттерін Мәскеуден келген қонақтар ұнатып, училище бітірмей-ақ институт қабырғасына қабылдады. Оқуды бітірген соң туған Таразына қызмет етті, еңбектері жоғары бағаланды. Танымал монументалист болып шықты. Бір әттеген-айы - шетелдік көрмелерге шықпапты. Егер шығып жатса, аса жоғары бағаға ие боларына кәміл сенімдіміз. Ал қылқаламға ден қойып жүрген балаларға ағаның мынадай қызықты ойларын ұсынғанды жөн көрдік.

«Өзімнің басымнан өткен тәжірибеден түйгенім - өнерге бір табан жақын баланы жастайынан тәрбиелеп, сол өнерге үздіксіз баулып, дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Оған ынталандыратын бір сөз айтып, «сенен бірдеңе шығады, тек мына жерін түзетіп, тағы біраз еңбектенсең, тамаша болар еді» десеңіз, оның көздері жайнап, ойын қумай, өнер қуатынына мен сенімдімін. Мен бірер жыл осы үйірме ашып, балалармен жұмыс істедім. Бойында қабілеті бар өрендер өте көп екен. Осы мені қуантты. Бір топ балаға тапсырмамен сурет салдырамын. Болған соң барлығын көріп шығып, ішіндегі ең тәуір деген екеуін алып, барлығына көрсетемін. «Міне, мына екі суреттегідей етіп сала алсаңдар, сендерден суретші шығады» деймін. Бұған соны салған бала риза болады, ал басқалар суретті қандай сипатта салу керек екендігін, нені ұмытып, қандай кемшілік жібергенін түсінеді. Сосын кемшілігін түзетіп, біліктілігі жағынан өсе түседі. Әр балаға жақсы және нашар суреттерін көрсетіп, салыстыр дейтінмін. Картинада пластика, гармония, экспрессия болуы керек деп түсіндіремін. Шын талант қанша кедергі болса да, тасты жарып шыққан гүлдей өз өнерін түбі бір паш етеді. Оған күмәніңіз болмасын. Тек соған кедергі келтірмей, керісінше, ынтасын арттырып, талабын ұштай білейік», - дейді суретші. Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар