Өнеркәсіп объектілерінде дербес өндірістік бақылау қызметтері құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті өндірістік объект иелерінің Жаңарту және техникалық қайта жабдықтау жоспарын жасау міндеті заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтып берді.

Касым-Жомарт Токаев ознакомился с предприятиями индустриального парка SPK TURKISTAN
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, жұмысшылардың жазатайым оқиғаға тап болу себептерінің бірі тозығы жеткен техникалық жабдықтар болып отыр.

− Министрлік жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті өндірістік объект иелерінің Жаңарту және техникалық қайта жабдықтау жоспарын жасау міндетін заңнамалық деңгейде бекітуді ұйғарды. Бұл шара техникалық қайта жабдықтау процесін бақылау және авариялардың туындау қаупін азайту мүмкіндігін береді. Азаматтық қорғау саласындағы тиісті заң жобасы Парламент Сенатының қарауында, − деді Ш.Әрінов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, апаттарға жүргізілген талдау өндірістік бақылаудың жетіспейтінін көрсеткен. Қазір бұл бақылауды қауіпті өндірістік объект иелерінің шешімімен әртүрлі құрылымдардың жұмыскерлері жүзеге асырады.

− Кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын жекелеген талаптар оларды меншік құқығындағы құтқару жабдықтарымен және техникамен жабдықтау бөлігінде қатаңдатылады. Мен айтқан заң жобасы аясында өнеркәсіптік объектілердегі бақылаудың дербес жеке қызметі құрылады. Ол жұмыс істеу үшін министрлік тиісті нормалар әзірлейді. Бұл өндірістегі өзіндік бақылауды күшейтіп, объект иелерінің жауапкершілігін арттырады, − деп атап өтті министр.

Президент тапсырмасына сәйкес Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын одан әрі дамыту және арттыру жоспары бекітілді, оның ішінде заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу мен цифрландыруды қамтамасыз ету көзделген.

− Аталған жұмысты былтыр QARMET-пен бірлесіп бастадық. Оңтайлы шешімдер мен қабылданған шаралардың арқасында кен орындарында авария фактілерінің тіркелмегенін атап өткім келеді. Қазір Қарағанды облысындағы аумақтық бөлімшемізде көмір шахталарындағы жұмысшылардың орналасқан жерін анықтау және іздеу, сондай-ақ газдану деңгейіне мониторинг жүргізу жүйелері енгізілуде. Бұл төтенше жағдайларға жедел ден қою мен адам өлімінің алдын алуға мүмкіндік береді, − деді Ш.Әрінов.

Айта кетейік, жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігі 16 мыңға жуық объектінің өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігін тексеріп, 100 мыңнан астам бұзушылықты анықтады.

Сонымен бірге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде өткен жылы еңбек жағдайындағы оқыс оқиғалардан 202 адам қаза болғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар