Онкологияда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйе енгізілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы онкология орталығында роботтандырылған дәріхана кешені және дәрілік препараттарды жабық герметикалық жағдайда сұйылту жүйесі енгізілді.

Онкологияда дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыратын жаңа жүйе енгізілді
Фото: ДСМ

Жаңа технология дәрілік заттармен қамтамасыз етудің негізгі кезеңдерін – препараттарды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды сұйылту және пациенттерге беруге дейінгі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Кодтардың көмегімен әрбір дәрілік препаратқа жеке цифрлық сәйкестендіру беріледі, ал онымен жасалған әрбір әрекет жүйеде тіркеледі. Осылайша мамандар препараттың дәріхана кешеніне келіп түскен сәтінен бастап пациентке берілгенге дейінгі бүкіл қозғалысын қадағалай алады.

Онкологиялық қызмет үшін бұл аса маңызды. Өйткені дәрілік заттармен қамтамасыз етудің дәлдігі мен қауіпсіздігі емдеу сапасымен тікелей байланысты.

Бұл ретте цифрландыру Алматы қаласында онкологиялық көмектің тиімділігі айтарлықтай артып отырған кезеңде жүзеге асырылуда. Бүгінде Алматы онкология орталығында қала бойынша диспансерлік есепте 38 мыңнан астам пациент тұр, ал жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылдың ішінде көрсетілген емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есеге өсті.

Сонымен қатар бес жылдық өмір сүру көрсеткіші де 46%-дан 75%-ға дейін артты.

Жүйе дәрілік препараттардың дозасын дәл сақтауға, қателер қаупін азайтуға және дәрі-дәрмектерді дайындау процесін толық бақылауға мүмкіндік береді.

Айта кетелік елімізде дәрі-дәрмек өндірісі артып, жаңа 494 препарат шығарылмақ