Елімізде дәрі-дәрмек өндірісі артып, жаңа 494 препарат шығарылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда фармацевтикалық өнім өндіру көлемі кейінгі үш жылда 37% артып, 191 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, өсім биыл да жалғасып отыр. 2026 жылдың алғашқы алты айында елімізде 126,6 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірілген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен шамамен 30% жоғары.
Қазір Қазақстанда фармацевтикалық және медициналық өнім шығаратын 209 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 43-і дәрілік заттар өндіреді. Отандық өнімнің заттай көрсеткіштегі үлесі 40,3%-ға жеткен.
Саладағы өндірісті одан әрі ұлғайту үшін сегіз ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар Қазақстанда бұрын өндірілмеген 494-тен астам атаудағы дәрілік затты шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді.
Жаңа өндірістердің қатарында онкологиялық, жүрек-қантамыр, аутоиммундық, орфандық және инфекциялық ауруларды, сондай-ақ қант диабетін емдеуге арналған препараттар бар.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылау тәртібін өзгерту ұсынылғанын хабарлаған едік.