Онлайн-казино жарнамасын шектеу және өнімдерді цифрлық таңбалау ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Онлайн-казино жарнамасын шектеу және өнімдерді цифрлық таңбалау ұсынылды
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Талқылауға министрліктер мен агенттіктердің өкілдері, іскерлік бірлестіктер мен Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысты.

Жиында әртүрлі салаларда реттеу тетіктерін енгізуге қатысты бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, мотор майларын таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл шара өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік бермек. Цифрлық таңбалау әр тауар бірлігінің жеткізу тізбегіндегі қозғалысын айқын көрсетіп, оның шығу тегі мен қолданылуы жөнінде дәлме-дәл деректер береді.

Сондай-ақ сыра және сыра өнімдерін таңбалау, пестицидтердің айналымын реттеу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, тіркелмеген пестицидтерді өндіруге (құрамдастыруға) келісім беру тәртібін енгізу ұсынылды.

Комиссия күн тәртібінде электронды және интернет-казино жарнамасына қатысты да мәселе қозғалды. Ұялы байланыс операторлары тарапынан осындай SMS-хабарламаларды таратуға әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылды. Туризм және спорт министрлігінің өкілдері атап өткендей, бұл бастама ойынға әуес азаматтардың санын азайтуға және байланыс саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Отырыстың қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдар мен қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, барлық мәселе бойынша жасалған реттеу талдауларының нәтижелерін келісті.

Айта кетелік бүгін Серік Жұманғарин АҚШ сауда палатасымен және ірі америкалық компания өкілдерімен кездескен еді

Соңғы жаңалықтар