Онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет - сенатор
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Геннадий Шиповских Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа депутаттық сауал жолдап, онлайн-казино жарнамалайтын блогерлерге жазаны күшейтуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, соңғы екі жарым жылда елімізде 205 астыртын казино жабылып, 224 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Блогерлердің заңсыз қызметтерді ілгерілетуге қатысуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Тек биылғы жылдың өзінде 34 блогер онлайн-казино жарнамалағаны анықталған. Оның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23-і бойынша материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. Олардың ішінде кейбірі бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылса да, заңсыз әрекетін жалғастыруда. Себебі қарапайым айыппұлдар оларды тоқтатуға жеткіліксіз, заңсыз жарнамадан түсетін миллиондаған пайда төленген әкімшілік жазадан әлдеқайда асып түседі.
- Әлеуметтік желілер кеңістігінде кейбір блогерлердің заңсыз жеңіл ақша табу үрдісі күрт көбейіп кетті. Әсіресе, олардың онлайн-казино, жалған ұтыстар, яғни гивтар, курстар және күмәнді қаржы айналымдарын насихаттауы кеңінен етек алып отыр. Бұл құбылыс халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына айтарлықтай зиян тигізіп, жастар арасында құмар ойынға тәуелділік, отбасылық дағдарыс және көлеңкелі қаржы айналымының өсуіне әкелуде, - деп атап өтті Геннадий Шиповских.
Оның пайымынша, жалған гивтар мен өтірік курстар қазіргі таңда әлеуметтік желілерде жиі кездесетін алдау тәсілдерінің бірі болып отыр. Көп жағдайда олар адамдарды жеңіл жолмен пайда табуға немесе жылдам жетістікке жетуге уәде беріп, сенімін теріс пайдаланады. Жалған гивтар қымбат сыйлықтар немесе қаржылай ұтыстар уәде етіп, қатысушылардан түрлі шарттарды орындау талап етіледі. Бірақ соңында уәде етілген сыйлықтар берілмей, тек парақша иелерінің жазылушылары артады.
- Қазіргі уақытта заңсыз онлайн-казино және күмәнді гивтерді жарнамалаған блогерлерге қолданылып жатқан әкімшілік айыппұлдардан бөлек, қылмыстық жауапкершілік тетігін толыққанды іске қосуды ұсынамыз. Әлеуметтік желілерде жиі ұйымдастырылатын ұтыс ойындары мен гивтердің заңдылығын тексеру үшін арнайы мониторинг жүйесін енгізу керек.
Заңсыз жарнаманы таратушылармен қатар, осы қызметке делдалдық жасап отырған төлем ұйымдары мен жарнамалық агенттіктердің қызметіне мониторинг жүргізу керек, - деді Геннадий Шиповских.
Бүгін Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов блогерлердің қызметін тексеру жұмыстарына түсінік берген еді.