Онлайн-ортада абырой мен бейнені қорғау: Ержан Сәденов маңызды бастама көтерді

АСТАНА. KAZINFORM – Онлайн-ортада суреттік бейнесін заңсыз пайдаланғаны және балағаттағаны үшін азаматтардың шағым беру тәртібін жетілдіру қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жауабына айтылған.

Ержан Саденов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның мәліметінше, азаматтардың абыройын, қадір-қасиетін және бейнесін қорғау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 145-бабымен қамтамасыз етіледі. Аталған бапқа сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді.

- Сот арқылы қорғаудың қолданыстағы тетіктері және ҚР ҚК мен ӘҚБтК нормалары азаматтардың беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуды тиімді түрде тоқтатуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Министр сонымен қатар тікелей эфирлердің ерекшеліктерін ескере отырып, онлайн кеңістіктегі құқық бұзушылықтарға қатысты шағымдарды қарау тәртібін жетілдіру қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігіне азаматтардың суреттік бейнесін заңсыз пайдалануға және оларды балағаттауға байланысты шағым беру тәртібін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың негізді өтініштеріне онлайн-платформалардың жауап беру мерзімдерін қысқарту мәселесін қарастыру ұсынды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды зиянды контенттен қорғауға да ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы «треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған еді.