Онлайн-платформа өкілдігіне құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі нұсқаманы орындамағаны үшін жауапкершілік енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Онлайн-платформа өкілдіктеріне құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған. 

онлайн-платформалар
Фото: Gov.kz

— Ақпарат саласында киберқауіпсіздікті күшейту бағытында бүгінгі күнге «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді, — деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, аталған заң жобаларына бірқатар мынадай жаңашыл норма енгізілді:

— Қазақстан Республикасының аумағында онлайн-платформа өкілдігінің онлайн-платформада құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді;

— белгілі бір салада білім беру курстарын және (немесе) оқыту материалдарын қамтитын контентті тарататын онлайн-платформа пайдаланушыларына мұндай контентті тиісті білімі бар екендігі туралы хабарламамен, диплом және (немесе) сертификат деректерін көрсете отырып сүйемелдеу міндеті белгіленеді.

— Осы жылдың қаңтар айында заң жобалары Үкіметтің заң шығару жұмысының қағидаларына сәйкес мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілді, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр балаларды әлеуметтік желілердегі зиянды контенттен қорғау үшін батыл шешімдер қабылдауды тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум